АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі жариялаған "қауіпті қылмыскерлер" тізімінде Қазақстанның 3 азаматы бар.
Посткеңестік елдерден шыққан мигрант-қылмыскерлердің анти-рейтингіне 27 украин, 18 ресейлік, 22 Армения азаматы, сондай-ақ Грузия мен Беларусьтің екі азаматы ілініп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тізімге енгендердің басым бөлігі – Латын Америкасы елдерінің азаматтары.
Деректер базасында мыңдаған мексикандықтар бар.
АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігі (Department of Homeland Security, DHS) – елдің қауіпсіздігіне жауап беретін федералдық ведомство. Ол шекараны бақылау, иммиграция, терроризммен және трансұлттық қылмыспен күрес мәселелерін қамтиды.
Министрлік құрамына АҚШ-тың Иммиграция және кедендік бақылау қызметі (U.S. Immigration and Customs Enforcement, ICE) кіреді. ICE иммиграциялық заңнаманы бұзған шетел азаматтарын, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтау, ұстау және депортациялаумен айналысады.