Биыл Шымкент бюджетінің 60 проценті жергілікті өндірілген өнім есебінен толықты.

«Оң өзгеріс шағын және орта бизнестің дамуымен тікелей байланысты», дейді сала мамандары. Бұл туралы қала әкімі төрағалық еткен бизнес қауымдастығының өкілдерімен болған кездесуде айтылды. Жылдың қорытынды жиынында өңірге тартылған инвестициялар мен арнаулы салық мөлшерін төмендету сияқты мәселелер талқыланды.

Мемлекеттік орган мен бизнес өкілдері арасындағы дәстүрлі ашық диалог еркін форматта өрбіді. Жиында кәсіпкерлікті қолдауға ерекше назар аударылып, көлеңкелі экономикамен күреске негізделген салықтық реформалар талқыланды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бизнесті Шымкент қаласына тікелей тіркеудің маңыздылығына тоқталды.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

- Бөлшек салық 4% тен 2% түсірген болатынбыз білесіздер. Бұған дейін бізде 9 миллиардқа жетер-жетпес көрсеткіш болса, қазіргі таңда 31 миллиардқа жетті.

Мемлекеттік қолдау шағын және орта бизнеске оң әсер етті. Осылайша кәсіпкерлік субъектілер саны 141 мыңнан асып, өндірілген өнім көлемі қала экономикасының 60%-на жетті. Бизнесті одан әрі дамыту үшін кәсіби стандарттар мен базалық мамандықтар мәселесі жөнінде ұсыныстар айтылды.

Талғат Ысқақов, Bal Tekstil кілем фабрикасының құрылтайшысы:

- Жеңіл өнеркәсіп саласын басқарамын. Бізде ілгерілеушілік бар. Биылғы жылы шығарған өнімдеріміздің 30% экспортқа шығарып отырмыз. Миллиардтан аса мемлекетке салық төлеп отырмыз.

Биыл бизнес өкілдері бағаны тұрақтандыру мен инфляцияны тежеуге елеулі үлес қосты. Сондай-ақ қаланы абаттандырып, экологияны жақсарту жобаларына 10 млрд теңге инвестиция салды. Жиында әлеуметтік жауапкершілігі жоғары қамқор кәсіпкерлер марапатталды.

Қайрат Молдасейітов, Otau Group құрылыс компаниясының құрылтайшысы:

- Бизнестің жауапкершілігі аясында биыл Шәмші Қалдаяқов алаңын, гүлзарын абаттандырып бердік. Келесі жылы да үлкен жобаларымыз бар. Үлкен ту орнатуға атсалысамыз деп жатырмыз.

Биыл қалаға 715,2 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл экономиканы нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етті.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов