«Ақтөбе облысында ондаған шаруа «Өзгелердің кесірінен мал-мүлкіміз бен есепшоттарымыз негізсіз бұғатталды» деп шағымданды. Айтуларынша, олар аудандық несие серіктестігіне мүше болған. Серіктестіктің өзге өкілдері алған қарыздарын уақытылы қайтара алмағандықтан, жауапкершілік ұйымның барлық мүшесіне бірдей артылған. Ең қызығы, есепшоты бұғатталғандардың арасында ешқашан қарыз алмағандар да бар.

Мырзабай Бабасов Байғанин ауданынан әділдік іздеп келген. Ол «несие серіктестігіне мені сыртымнан өздеріне мүше қылып қойған дейді. Алайда, өзі ұйым арқылы ешқашан несие алмаған. Соған қарамастан екі ай бұрын оның депозиттегі он үш миллион теңгесі мен мал-мүлкі түгел бұғатталған.

Мырзабай Бабасов, шаруа қожалығының иесі:

Серіктестікке ЖСН, паспорт көрсеткем ғой, бұлар қарақшылықпен 54 адамнан елу бесінші қып кіргізген. Мен кредит алғаным жоқ, договорға қол қойғаным жоқ, бұл айакерлікке жатады.

Наурызғали Оразалы, шаруа қожалығының иесі:

Бұның ішінде о бастан төлемей отырған адамдар бар.Солардан сұрамай, біздерді де қосып, босқа күйдіріп тұр. Мәселе сода. Біздерді неге бөліп, 28-інші жылға дейін неге төлей бермейміз деген әңгіме болып тұр бұл жерде.

Байғанин ауданындағы несие серіктестігіне 54 шаруа қожалығы мүше. Оның 29-ның қарызы бар. Қазіргі күні тек бес адам ғана несиелерін уақытылы төлей алмай жүр. Солардың кесірі басқа 49 адамға тиіп отыр. Белгілісі — несие серіктестігінде «Бәрі — бірі үшін, бірі — бәрі үшін» ұстанымы сақталады. Яғни, шаруалардың бірі қарызын өтей алмаса, жауапкершілікті барлығы бірдей арқалайды. Бұл келісім-шартта да көрсетілген.

Балнұр Ермекбаева, «Қамқор» несие серіктестігінің басшысы:

Ол кісілердің шотынан ақша ұсталды ғой, біз енді оларға қайтару керекпіз. Сол себептен жылдың аяғына дейін Несие серіктестігінің Аграрлық несие корпорациясында уақыты бар. Сол уақытта төлемей жүрген адамдардың мүлкінен, басқасынан өндіру жұмыстары басталып кетті.

«Қамқор» серіктестігінің «Аграрлық несие корпорациясына» берешегі 30 миллион теңге шамасында. Қазір қаржы ұйымдары шаруалардың мәселесін шешу үшін нақты ұсыныстар дайындап жатыр.

Азамат Тұрсынбекұлы, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысы:

Өтініш хат алдық, қарызы Жоқ адамдарды сот шешімінен алып тастауға мүмкідік бар ма деп. Ол бойынша біз бүгінгі күні медиацияға қол қоюға дайынбыз. Қарызы жоқ 25 адамды сот шешімінен алып, қарызы бар 29 адаммен ары қарай жұмыс істеуге дайынбыз.

Бұл мәселе медиация тәртібімен шешіледі. Шаруалар келісімге қол қойса, бұғатталған шоттары түгелдей ашылады. Алайда, несие төлеу мерзімі қайта қаралуы мүмкін.

Жақсыбек Кемал