Биыл 95 елді мекенге газ тартылып, 350 мың адам көгілдір отынға қол жеткізді.

Осылайша елді газбен қамту деңгейі 64%-дан асты. Бүгін Үкіметте өткен баспасөз конференциясында энергетика саласында атқарылған жұмыстар қорытыланды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, бұл мақсаттарға 112 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Ақмола облысындағы Қосшы қаласы мен Талапкер ауылына көгілдір отын жіберілді. Астанада газбен қамту деңгейі шамамен 97%-ға жетті. Жыл соңына дейін Үркер шағын ауданына газ тарту толық аяқталады. Ал Түркістан облысында құны 10 млрд теңгеден асатын жобалар жүзеге асырылды. Жетісу облысында 300 шақырымдық «Талдықорған — Үшарал» магистралды газ құбыры пайдалануға берілді. Батыс Қазақстанда «Ростоши — Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталды. Бұл Ақжайық және Теректі аудандарындағы газ тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етпек.