Қалалық мәслихат депутаты Талғат Ерғалиев Instagram парақшасында жазба жариялап, бұған дейін айтқан ақпаратының дұрыс емес екенін мойындаған. Ол елордадағы қылмыс деңгейі жоғары деген бұрынғы мәлімдемесі үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.


«Өкінішке орай, бұл ақпарат көмекшім тарапынан құзырлы органдарға жүгінбей дайындалған. Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, Астана – қылмыс деңгейі төмен, қауіпсіздігі жоғары қала», деп жазды Т. Ерғалиев.

Оның айтуынша, мәслихат сессиясында көтерген сауалының негізгі мақсаты – өзі депутат болып табылатын 16-шы округ тұрғындарының өмір сүру жағдайын және инфрақұрылымды жақсарту болған.

«Мәслихат депутаты ретінде елорда әкімдігімен және полиция департаментімен бірлесе отырып, ішкі істер органдарының инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру және полицейлердің беделін көтеру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз», деді депутат.

Талғат Ерғалиев бұған дейін Астана мәслихаты сессиясында сөз сөйлеп, бас шаһарда қылмыс деңгейі жоғары екенін мәлімдеген.

Ал қалалық полиция департаменті елордадағы қылмыс деңгейі депутат айтқан көрсеткіштерден едәуір төмен екенін хабарлады.