Түркия 22 елден және 33 компаниядан табиғи газ алып отыр.
Каспий теңізінің шығыс жағалауындағы көмірсутек ресурстарын оның батыс бөлігіне жеткізу Түркі мемлекеттері үшін басым бағыттың бірі болуы тиіс. Бұл туралы Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Интерфакс" агенттігіне сілтеме жасап.
"Каспий теңізінің шығыс жағалауынан батыс жағалауына көмірсутек ресурстарын тасымалдау біздің негізгі басымдығымыз болуы керек. Біз 30 жыл бойы арманымыз болған Каспий теңізі арқылы өтетін құбыр желісімен табиғи газды Түркияға жеткізу бойынша нақты қадамдар жасауға болатын кезеңге жеттік", – деді А. Байрактар.
Ол Каспийдің батыс жағында көгілдір отынды қабылдауға қажетті инфрақұрылым дайын екенін жеткізді.
"Мұнда TANAP (Трансанатолий газ құбыры) стратегиялық маңызға ие жоба. Осы мақсатқа қол жеткізу Түркі мемлекеттерінің дамуына үлес қосып, Еуропа мен Жерорта теңізінің энергетика нарықтарына айтарлықтай әсер етеді", – деп түсіндірді министр.
Бүгінде Түркия 22 елден және 33 компаниядан табиғи газ алып отыр. Биыл Анкара алғаш рет Түрікменстаннан табиғи газ импорттаған.
"Каспий теңізі Түркі әлемін бөлмей, керісінше біріктіруі тиіс. Орталық Азияда жаңартылатын көздерден өндірілген электр энергиясын Каспийдің батыс жағына тасымалдауды көздейтін Транскаспий дәлізінің жасыл энергия жобасы маңызды. Біз бұл бағытта Әзербайжан, Грузия және Болгариямен жұмыс істеп жатырмыз", – деді Алпарслан Байрактар.
Министр Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан Транскаспий энергетика дәлізін құру жөнінде келісімге қол қойғанын айтты. Сондай-ақ, Қырғызстанның бұл жобаға қосылуға қызығушылық танып отырғаны да белгілі болды.
"Біз осы жеке бастамаларды біріктіріп, ортақ синергия қалыптастыруды қажет деп санаймыз. Түркия мен Қырғызстанның қатысуымен бұл ынтымақтастық одан әрі маңызды бола түседі. Аймақтың әлеуетін пайдалана отырып, өндірілген электр энергиясын алдымен Түркия нарығына, кейін Еуропаға жеткізе аламыз", – деді ол.