Экономикалық өсім орнықты болумен қатар оның игілігі әр азаматқа әділ бөлінуге тиіс. Президент Астана халықаралық форумында осылай деді.

Экономикамыз былтыр 5,1% өсті. Шетелден тартылған тікелей инвестицияның көлемі рекордтық көрсеткішке жетті. Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк 62%-ке артты. Дей тұрғанмен, біздің стратегиялық мұратымыз цифрмен ғана өлшенбейді. «Бұл реформалар жұртшылықтың өркендеуіне жол ашатын жаңа қоғамдық келісімді орнатуды көздейді», — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Парламент азаматтық қоғам және жаңа саяси партиялардың мүшелерімен толықты. Сондай-ақ әйелдерге, жастарға және әлеуметтік тұрғыдан осал топтың өкілдеріне қосымша квота берілді. Адам құқықтарын қорғаудың нақты тетіктері болмаса, ілгері жылжу мүмкін емес. Бұл жүйе «Заң мен тәртіп» қағидатында көрініс тапқан. Біз аталған реформаларды геосаяси ахуал тұрақсыз кезеңде қолға алғанымызды білеміз. Бірақ «Жол мұраты – жету». Осы стратегиялық бағдарымыздан айнымаймыз, реформаларды тоқтатпаймыз.