Астанада Қазақстан мен Бразилия арасындағы жетінші раундтағы саяси консультациялар өтті. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев, Бразилиядан Сыртқы істер министрінің орынбасары Сюзан Клибанк қатысты
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында екі елдің агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі, транспорт-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация және цифрландыру салаларында бірлескен жобаларды дамытуға дайын екені айтылды. Ержан Ашықбаев өндірісті локализациялау мен жоғары технологиялық инвестицияларды тартып, екіжақты серіктестікті нығайтуға болатын мүмкіндіктерге тоқталды.
Бразилия тарапынан Қазақстанның БРИКС пен COP-30 саммиттеріне жоғары деңгейде қатысуы бағаланды. Сондай-ақ елдің Астанадағы елшілігі бүкіл Орталық Азиядағы жалғыз дипломатиялық өкілдігі болып, Қазақстанға ерекше назар аударғаны атап өтілді.
Келіссөздер барысында білім және академиялық алмасулар, университеттер арасындағы бірлескен жобалар, туристік алмасу мен тұрақты даму мәселелері талқыланды. Тараптар консультация нәтижелеріне қанағаттанғанын білдіріп, әртүрлі деңгейлерде тұрақты байланыстарды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.