Өзгеріс бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары негізінде мемлекеттік сатып алуға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы баспасөз қызметі атап өткендей, мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігіне жасалған аудиттер заңнамадағы бірқатар жүйелі кемшілікті анықтады. Бұл кемшіліктер кейбір жеткізушілерге өз міндеттемелерін толық орындамауға мүмкіндік беріп келген.
Атап айтқанда, жеткізушілер жобалау-сметалық құжаттаманы өзгерту арқылы қосымша қаржы сұрау мүмкіндігіне ие болған. Осыған байланысты Үкіметке мемлекеттік сатып алу заңнамасына өзгерістер енгізу ұсынылды.
Сондай-ақ жеткізушілерді таңдау кезінде қолданылатын баға жеңілдігін есептеу тәртібін нақтылау қажет болды. Осы ұсыныстар негізінде Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу қағидаларына тиісті түзетулер енгізді.
"Жаңа нормаға сәйкес, егер келісімшартқа енгізілген өзгерістер жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты болып, келісімшарт сомасын ұлғайтса, онда бұл ұлғайту конкурс кезінде есептелген ең төменгі демпинг шегін ескере отырып жүргізіледі", – делінген хабарламада.
Бұл өзгеріс:
мемлекеттік келісімшарт сомаларын өсіру кезінде баға шарттарын әділ есептеуге көмектеседі;
бюджет шығындарын оңтайландыруға ықпал етеді.