Қазіргі рекорд 500 млрд доллар шамасымен OpenAI-ға тиесілі.


Илон Маск негізін қалаған SpaceX өз акцияларын екінші реттік нарықта 400 доллардан сата бастады, деп хабарлайды деп хабарлайды inbusiness.kz сайты The Bell басылымына сілтеме жасап.

Егер осы мәміле жоспарланған бағамен іске асса, компанияның жалпы капитализациясы 750–800 млрд доллар аралығында бағаланбақ. Бұл көрсеткіш SpaceX-ті әлемдегі ең қымбат жекеменшік стартап деңгейіне көтереді.

Бұған дейін, шілде айында өткен екінші реттік саудада SpaceX акциялары 212 доллардан сатылып, компания құны шамамен 400 млрд доллар деп есептелген еді. WSJ дерегіне сүйенсек, компания қарқынды өсіп келеді: SpaceX зымыран ұшыру саласында көшбасшы атанған, ал оның Starlink спутниктік интернет қызметін 8 млн-нан астам адам пайдаланып отыр.

Акцияларды қайта сату жарты жыл сайын ұйымдастырылатын тендер аясында жүргізіледі. Бұл SpaceX-тің 25 жылға жуық уақыт бойы жекеменшік компания болып келе жатқанына қарамастан, қызметкерлер мен алғашқы инвесторларға өз үлестерін сатып, табыс табуға мүмкіндік береді. The Information мәліметіне сәйкес, SpaceX 2026 жылдың екінші жартысында IPO өткізуді жоспарлап отыр.