Іс-шара Халықаралық волонтёрлер күні аясында және Тұрақты даму мақсаттарындағы Халықаралық волонтёрлер жылының ресми басталуы қарсаңында ұйымдастырылды.
Астанада "Жыл волонтёрі" халықаралық сыйлығын табыстау рәсімі өтіп, "Игі істер марафоны" республикалық жобасы қорытындыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған жылды жариялау бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Жылдың ресми ашылуы БҰҰ-ның Нью-Йорктегі Штаб-пәтерінде өтеді.
Айта кетейік, "Жыл волонтёрі" сыйлығы Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жылдан бері жыл сайын тапсырылып келеді. Осы уақытқа дейін 297 волонтёр лауреат атанды.
2025 жылы сыйлықтың лауреаттары атанған 46 қазақстандық волонтёрмен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Түркиядан келген 4 волонтёр марапатталды. Олардың барлығы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге, волонтёрлікті дамытуға және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жобалары мен бастамаларының нәтижелерін ұсынды.
Сонымен қатар бүгін "Игі істер марафоны" республикалық жобасының қорытындылары жарияланды. Марафон барысында қазақстандықтар 9 мыңнан астам игі іс атқарды. Байқау нәтижесінде ең жоғары белсенділік танытқан 20 жеңімпаз анықталды. Жалпы, жобаға 40 мыңға жуық қазақстандық қатысты.