Сыртқы қарыздың дені доллармен алынған.
Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 43 миллиард 969 миллион долларға жетті. Оның ішінде 36,7 миллиард доллары сыртқы қарыз болса, ал 7,2 миллиард доллары ішкі қарызға тиесілі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 4 миллиард 884 миллион долларға өскен. Бұл Өзбекстанның жалпы ішкі өнімінің 32,3 пайызына тең. Жалпы қарыздың ішінде сыртқы қарыздың үлесі 84 пайыз болса, ал ішкі қарыздың үлесі – 16%. 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша әр тұрғынға шаққандағы мемлекеттік қарыз мөлшері 1154 доллар болды.
Сырттан алынған қарыздың 47% (17,4 млрд доллар) бюджетке қолдау көрсетуге, 16% (5,8 млрд доллар) отын-энергетика саласына, 9% (3,2 млрд доллар) ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығына, 8% (2,8 млрд доллар) көлік және көлік инфрақұрылымына, тағы 8% (3 млрд доллар) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына бағытталған.
Өзбекстанның ең ірі кредиторлары қатарына Дүниежүзілік банк (8 миллиард доллар), Азия даму банкі (7 миллиард 500 миллион доллар), халықаралық инвесторлар (5 миллиард 800 миллион доллар), Қытайдың қаржы ұйымдары (3 миллиард 700 миллион доллар), Жапонияның қаржы ұйымдары (3 миллиард 100 миллион доллар) кіреді.
Сыртқы қарыздың 63%-ы доллармен, 12%-ы өзбек сомымен, 8%-ы еуромен, 6%-ы жапон иенасымен, ал 2%-ы юаньмен алынған.