Жаһандық жарыс Ресейдің Саратов қаласында әмбебап жекпе-жектен өтті. Қарашаның 25-30 күндері өткен додаға 32 елдің спортшысы қатысты. Олар кедергілер жолағынан өту, пышақ лақтыру, пневматикалық қарудан ату, қоян-қолтық ұрыс бойынша сайысты, деп жазады Egemen.kz.
Ел намысын қорғаған Заманбек Данабеков (65 келі) қола жүлдемен оралды. Ол Алжир, Франция, Тәжікстан елдерінің спортшыларын ұтты.
Заманбек Қазымбекұлы бала кезінен спортты серік еткен. Оның әмбебеп жекпе-жекке алғашқы қатысуы екен. 1 айға жуық дайындалыпты. Ендігі мақсаты – әлем чемпионы атану.
З.Данабеков – Ақтөбе облысы полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағының жауынгері. Ол бокстан, қоян-қолтық ұрыстан республикалық, әлемдік турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, бокстан спорт шебері.
«Спорттық жолым 9 жасымда басталды. Арнайы жасақта спортқа жоғары ден қойылатындықтан, 2022 жылы осы салаға бет бұрдым. Арнайы жасақ қатарында елімнің тыныштығын күзетіп қана қоймай, мұнда бірнеше дүркін әлем чемпиондарымен, нағыз кәсіби спортшылармен бірге қызмет ету мен жаттығу – мен үшін үлкен мәртебе ғана емес, нағыз кәсіби мектеп», дейді спортшы-полицей.