ШҚО-да «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа, сапалы оқу орындары салынуда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ШҚО әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта осы бағдарлама бойынша екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі – Өскемен қаласындағы Есенберлин даңғылында орналасқан 600 орындық мектеп, екіншісі – Глубокое ауданындағы Тәжірибе алаңы (Опытное поле) кентінде салынып жатқан 300 орындық мектеп. Есенберлин даңғылындағы мектеп құрылысы бүгінде 70 пайызға аяқталған, ал нысанды тапсыру шілде айының соңына жоспарланып отыр.
Облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Арайлым Ақылжанқызының айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жалпы саны 2100 орындық бес мектептің құрылысы аяқталған. Бұл мектептер Шемонаиха, Риддер, Өскемен қалаларында және Белоусовка кентінде орналасқан. Жаңа мектептерде балалар биыл 1 сәуірден бастап оқып жатыр.
Ұлттық жоба аясында облыс бойынша 900 орындық тағы екі мектептің құрылысы жалғасуда: бірі – 300 орындық мектеп Опытное поле кентінде салынып жатыр, 90 пайызы дайын (мердігер – «Фирма Азия» ЖШС), екіншісі – 600 орындық мектеп Өскемен қаласындағы Есенберлин даңғылында бой көтеруде, 70 пайызы дайын (мердігер – «AST Qurylys 22» ЖШС). Есенберлин даңғылындағы мектепте шатыр, қорғаныш пен есіктерді орнату, ішкі әрлеу және қуат кабелін төсеу, қабырғаларды әрлеу басталып, вертикалдық жоспарлау, жол төсемінің құрылысы жүргізілуде. Аумақты абаттандыру ағымдағы жылдың 13 маусымына дейін, ал нысанды толық аяқтау ағымдағы жылдың 30 шілдесіне жоспарланған, – деді Арайлым Ақылжанқызы.
Жобаның менеджері Владислав Ракульцев атап өткеніндей, қазіргі таңда ғимаратта термогранитті плиткалар төсеу, ішкі есіктерді орнату, қабырғаларды әрлеу және бояу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, акт залы мен спорт залдарын жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын.
Мектепте бастауыш және жоғары сыныптарға арналған екі бөлек спорт залы, сыртта футбол және балалар алаңдары, жүгіру жолы қарастырылған. Ғимарат үш қабатты, ішінде лифт пен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған санитарлық тораптар бар. Бұл – жайлы мектептердің басты артықшылықтарының бірі, – дейді Владислав Ракульцев.
Оның айтуынша, мектепті салуға заманауи құрылыс материалдары қолданылған. Есіктер – антивандалды, қабырғалар – соққыға төзімді отбойниктермен жабдықталған. Сонымен қатар, мектептің әр бөлігінде өрт қауіпсіздігі жүйесі, шақыру түймелері және балалар ағынын тиімді бөлуге арналған бөлек кіреберістер қарастырылған.
Жаңа оқу орны 2024 жылдың құрылыс жоспарларына сәйкес салынып жатыр және белгіленген мерзімде пайдалануға берілмек.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Қазақстандағы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды. Жобаның басты мақсаты – оқушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз, қолайлы және заманауи оқу жағдайларын жасау, сонымен қатар жайлы атмосфера қалыптастыру.