Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылындағы А.Оразбаева атындағы мектепте ақпан айында болған қайғылы оқиға қоғам назарын аудартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оtyrar.kz сайтының мәліметінше, 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла сабақ үстінде буындырудан көз жұмғаны туралы хабарланды. Анасы Гүлмира Көшееваның айтуынша, баласы сыныптасының телефонын тартып алып, артынан келіп буындырған. Қайғылы жағдай салдарынан Ұлағат оқиға орнында жан тапсырған.
Бұл оқиғадан кейін мектептің екі қызметкері өз еркімен жұмыстан кетіп, тағы төрт мұғалім жұмыстан шығарылды. Алайда ашынған ана «қапыда баламнан айырылдым, ал жұмыстан шығарылғандар ай өтпей қайтадан мектепке кірмек» деп налиды.
7 ақпан күні Ұлағат Сейдулла әдеттегідей сабағына аттанып, үйіне табытпен оралды. Алғашында мектеп басшылығы баланың қоңырау кезінде құлап қалғанын айтқан. Бірақ анасы Гүлмира Көшеева:
Сап-сау баламды әдетінше мектепке шығарып салдым. Үшінші сабақтан соң «балаңыздың мазасы болмай жатыр» деп хабарласты. Барсам, партаның үстінде суға малынғандай жатыр. «Құлап қалған» дейді, бірақ мұндай күйде қалай құлайды? Дәрігерге апарсақ, қайтыс болғанын айтты. Есікті жауып, су шашып, өздері білетінін істеген екен, – деп ауыр күйзелісін жеткізді.
Гүлмира – бес баланың анасы, жалғызбасты. Ұлағат – отбасындағы ең үлкені, қолқанаты болған. Анасының айтуынша, ұлы ешқашан сырқаттанып көрмеген, оқу үздігі еді. Алайда оқиға куәгерлерінің айтуынша, сыныптасы телефонын алып қашып, артынан қуып келіп, буындырып ұстап тұрған. Мұғалімдер сол сәтте сыныпта болмаған, балалар өз беттерінше әрекет еткен. Медбике мен директордың орынбасары кешігіп жеткенде, Ұлағат қайтыс болып кеткен.
Мұғалімдер баламның өлімін менің мойныма артты. «Балаңның жүрегі ауыратын, талып қала беретін» деп неше түрлі сөз айтты. Эпилепсия деді. Бірақ сараптама нәтижесі – балам сау, өлім себебі – буындыру. Қатты қысқанда тілін жұтып қойған. Баламның өліміне кінәлілер жазалансын, – дейді марқұмның анасы.
Оқи отырыңыздар:
- Туған күн кешіне жиналған жасөспірімдерді өлтіріп кетті
- «Бізді ұрып, өлтіре жаздады». Марқұм Ақнәрдің қазасына қатысты сұмдық дерек айтылды
Қайғыдан қан жұтқан ана мектеп мұғалімдерінің кінәні мойындап, кешірім сұрамағанына күйінеді. Тергеу нәтижесінде төрт мұғалім жұмыстан қуылғанымен, директор мен бір мұғалім өз еркімен кеткен. Бірақ олар да мектепке қайта оралуға әрекеттеніп жатыр. Директордың міндетін уақытша атқарушы Өмірсерік Кенжеев:
Тергеу қорытындысы бойынша біраз мұғалім жұмыстан шеттетілді. Еңбек инспекциясы бұрынғы директор бұйрықты дұрыс шығармағанын анықтап, қайта қабылдау жөнінде нұсқама беріп кетті. Білім бөлімі заңдылығын анықтап жатыр, – деп түсіндірді.
Ұлағаттың сыныптасын буындырғаны дәлелденгенімен, ол 12 жасқа толмағандықтан қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, іс қысқартылған. Оқиға құжаттарын жариялауға тыйым салынған. Дегенмен, Гүлмира Көшееваның жалғыз талабы – баласының өліміне кінәлілер әділ жазасын алуы.