Апат салдарынан екі жүргізуші және үш жолаушы ауыр жарақаттардан оқиға орнында көз жұмды.
Алматы облысында Алматы – Бішкек автожолының 65-шақырымында өте ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Алдын ала деректер бойынша, Audi маркалы автокөліктің 23 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып, Toyota көлігімен соқтығысқан. Соққының қатты болғаны сонша, екі көлік те айтарлықтай зақымданған.
"Апат салдарынан екі жүргізуші және үш жолаушы ауыр жарақаттардан оқиға орнында қаза болды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Сонымен қатар бес жолаушы түрлі деңгейдегі жарақаттар алып, қазір медициналық мекемелердің бақылауында жатыр", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Мас күйде көлік жүргізген жол жөндеушілер жол апатына түсті
Полиция департаменті оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау үшін жан-жақты тергеу басталғанын хабарлады. Тергеу барысы облыстық ПД басшылығының ерекше бақылауына алынған.