Сатушылар банк маркетплейстерінде толық төлем алады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк маркетплейстерінде тауардың қолма-қол төлем және бөліп төлеу бағасын бөлек көрсету міндетті емес деп санайды. Бұл туралы агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, мамандар банктердің маркетплейстеріндегі баға мен комиссияның қалай қалыптасатынын зерттеген. Талдау нәтижесіне сәйкес, сатушы тауардың толық құнын алады және сатып алушының оны қалай төлегенін – қолма-қол, несиеге немесе бөліп төлеуге алғанын білмейді.
"Маркетплейске кіру үшін барлық компания комиссия төлейді. Біз жүргізген талдау бойынша, банктер сатушылардан 5%-дан 25%-ға дейін комиссия алады. Бәсекелестікті дамыту және сатушылар мен сатып алушылар үшін қолжетімділікті кеңейту тұрғысынан алғанда, банк маркетплейстерінің екі түрлі баға қоюының қажеттілігі жоқ деп есептейміз. Егер қос баға қолданыласа, оны тауар ұсынатын компаниялардың өзі белгілейді. Сауда министрлігі де осындай шешім қабылдады", – деді Әбілқасымова үкіметтегі брифингте.
Оқи отырыңыз: Үкімет, ҚНРДА және Ұлттық банктің бірлескен бағдарламасы қабылданды
Сонымен бірге, банктер үшін кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің шекті деңгейден аспауын міндеттейтін талап бұрыннан бар.
Еске сала кетейік, 11 қазаннан бастап Қазақстанда дүкендер мен онлайн-маркетплейстер тауар бағасын қолма-қол төлеу және бөліп төлеу үшін бөлек көрсетуге міндетті. Бұл норма тек дүкендер өз қаржысы есебінен бөліп төлеу ұсынған жағдайларға ғана қатысты.