Португалия — әлем чемпионатына жолдама алған 31-құрама.

Португалия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңін жарқын жеңіспен қорытындылады. Роберто Мартинес шәкірттері Арменияны 9:1 есебімен ойсырата ұтып, өз тарихындағы ең нәтижелі матчтарының бірін өткізді. Бұл жолы капитан Криштиану Роналду алаңға шыққан жоқ. Ол Ирландияға қарсы өткен ойында алған тікелей қызыл қағаз салдарынан соңғы матқа қатыса алмады.

Ойынның 7-минутында Ренату Вейга есеп ашты. Алайда көп ұзамай алаң иелері жауап қайтарды. 18-минутта Эдуард Сперцян есепті теңестірді. Бірақ бұл эпизод армениялық жанкүйерлердің үмітін ұзаққа жалғамады. Португалиялықтар бар күшін салып, матчтың тағдырын ерте шешіп тастады. 28-минутта Гонсалу Рамуш командасын қайта алға шығарса, араға екі минут салып Жоау Невеш есепті еселй түсті. 41-минутта Невеш дубль жасап үлгерді. Ал бірінші таймның соңында Бруну Фернандеш пенальтиді сәтті орындап, үзіліске командалар 5:1 есебімен кетті.

Екінші кезеңде португалиялықтар шабуылды жалғастырды. Бруну Фернандеш әуелі ойын барысында тағы бір гол соғып, кейін кезекті пенальтиді дәл орындап, хет-трик авторы атанды. 81-минутта Невеш те үшінші голын соғып, матчтың басты қаһармандарының біріне айналды. Ойынның нүктесін қосымша уақытта Франсишку Консейсан қойды.

Осылайша Португалия F тобында 13 ұпаймен көш бастап, 2026 жылғы әлем чемпионатына тікелей жолдама алды. Армения үш ұпаймен соңғы орынға тұрақтады. Екінші орын алған Ирландия (10 ұпай) плей-офф кезеңіне өтсе, Венгрия сегіз ұпаймен үшінші орынға табан тіреді.