Президент Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда,
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
– Күләш Ахметова бар ғибратты ғұмырын сәулелі сөз өнеріне арнаған, ұлттық әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге мол үлес қосқан халқымыздың аяулы ақыны еді. Нәзік қаламынан туған сыршыл өлеңдері, елдікті дәріптеген жалынды жырлары оқырман тарапынан аса жоғары бағаға ие болды. Өнегелі өмір сүріп, соңына әдеби бай мұра қалдырған Күләш Ахметованың есімі мен жарқын бейнесі ұмытылмайды, – делінген жеделхатта.