Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы алаңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың нәтижелерін таныстырды.

Парижде өткен жиынға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты. Делегация басшысы елімізде мемлекеттік қызметшілерді іріктеудің цифрлық жүйесі енгізілгенін, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтатын Бірыңғай кадрлық платформа құрылғанын айтты. Орталық Азияда алғаш рет мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллект дағдыларына үйрететін AI Qyzmet бағдарламасы іске қосылғанына атап өтті. Жұмыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұйымның қоғамдық адалдық жөніндегі Кеңес ұсынымдарына қосылды.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:

- Қазақстанның негізгі бағыт бағдары Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының белгіленген қағидаттарына сәйкес, яғни әділетті Қазақстанды адал азаматтар тұрғызады деген осы принциптерді айта отырып, біздің алдыңғы жасалынатын жұмысымызды белгілеп бердік.

Сапар барысында Дархан Жазықбай Франция Ұлттық мемлекеттік қызмет институтының директорымен кездесті. Тараптар Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат мемлекеттік қызметшілерді даярлау, цифрлық құзыреттер бойынша тәжірибе алмасу және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді.

Маривон Ле Бринионен, Францияның Ұлттық мемлекеттік қызмет институтының директоры:

- Кездесу өте нәтижелі болды. Қол қойылған меморандум қазақстандық мемлекеттік қызметшілерге арналған лидерлік, мемлекеттік басқарудың технологиялық жаңғыруы және жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірінде жұмыс істеу бойынша оқытулар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.