Қазақстанда соңғы 25 жылда қант диабеті бар науқастардың саны 50 есе өсті, деп хабарлайды 24KZ. Егер 2000 жылы тек 10 мыңнан астам науқас тіркелсе, қазір 553 мыңнан астам адам қант диабеті диагнозымен есепте тұр. Сарапшылар: «көрсеткіш жыл сайын өсе береді», – дейді. Медициналық порталдардың дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 2030 жылға қарай қант диабетімен ауыратындардың саны 800 мыңнан асады. Созылмалы сырқатпен күрес қалай жүріп жатыр?
Күлпәш Жакуповада қант диабеті 3 жыл бұрын анықталған. Содан бері сусамыр ауруымен тіркеуде тұр. Ай сайын тегін дәрілерін алып, тәтті тамақтан тыйылуға тырысады. Бірақ қанша сақтанғанына қарамастан кейде қант деңгейі нормадан 2-3 есе асып кететінін жасырмады.
Күлпәш Жакупова, қала тұрғыны:
- Ең бірінші аузым кеуіп, сосын салмақ тастадым. Содан байқалды. Тексерілдім, қант екен. Қант көп менде, 12 болады, кейде 13 болып кетеді. Дәрілер қабылдап отырмын. Уақытпен ішіп, диета ұстасам, онда 7-8 болады. Арасында көтеірліп кетеді.
Халықаралық диабет федерациясының мәліметінше, әлемде 540 миллионға жуық адам қант диабетіне шалдыққан. 95%-тен астамын 2-ші типті диабетпен ауыратын науқастар құрайды. «Басты себептердің бірі – тәтті және тез дайындалатын тағамдарды жиі тұтынуы», – дейді дәрігер.
Қаракөзайым Берік, эндокринолог:
- Қант диабетінің 2-ші түрі көбіне инсулиндердің бұзылысынан болады. Бұл кезде глюкоза жасушаларға енбейді де, миға сигнал барады. Сигнал тәттіні құмартады, тамақты көп жегізеді және соның бәрі глюкоза деңгейінің артуына алып келеді. Көбіне науқастар білмейді, өзінің симптомдарын сезбейді және скрининг кезінде, операцияға дайындық кезінде біліп жатады. Ал 1-ші тип қант диабеті тез анықталады.
Ал Қазақстанда қант диабетімен 553 мыңнан астам пациент тіркелген, оның 30 мыңға жуығы 1-ші типпен есепте тұр. Қалғанында 2-типтегі қант диабеті. Сырқаттың түріне және асқыну салдарына байланысты бір пациентке мемлекет жылына 600 теңгеден бастап бірнеше миллионға дейін қаржы бөледі.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Мемлекет тарапынан барлық деңгейде медициналық көмектің алуы қамтамасыз етіледі. 2023 жылы қант диабетін емдеуге барлық деңгейді, дәрілік қамтуды бәрін санағанда 45,5 млрд теңге бөлінген болса, 2024 жылы 51 млрд теңге қант диабетін емдеуге бөлініп отыр.
Қант диабеті ағза жұмысын толық өзгертеді. Ауру асқынса, қан айналымы жүйесі бұзылып, жүрек пен бүйрек қызметінде ақау болуы мүмкін. Осындай асқынулардың алдын алу үшін елде диабетті ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарлама іске қосылған. Тегін тексеру 30-дан асқан азаматтарға қолжетімді.
Әсел Қыдырәлиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Жыл сайын бізде 1 миллионнан астам халық қант диабетіне скринингтік тексерулерден өтеді. Бұл қандай адамдар? Бұрын-соңды қант диабетімен есепте тұрмайтын 30-76 жас аралығындағы азаматтар. Әрбір 2 жыл сайын өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша іркелген емханасынан скринингтік тексеруден өтеді.
Гүлжан Тоқанқызы, жоғары санаттағы жалпы тәжірибелік дәрігер:
- Бұл скринингтің негізгі мақсаты – ауруды ерте анықтау. Біз осы ауысым бойынша жылына 3 мың адамды тексеруден өткіземіз және оның 5-10%-нен қант диабеті анықталады. Бұрындары қант диабеті егде жастағы адамдардың ауруы болып есептелген. Ал бүгінгі күнгі мәліметтерді қарап отырсақ, тіпті қазір 20-30 жастағы жас адамдардан да кездесіп жатады.
1-ші типті қант диабеті бар азаматтарға жұмысқа орналасудың өзі қиын. Сырқаттың салдарына байланысты олар көп салада қызмет ете алмайды. Заң бойынша шектеулер бар.
Руслан Зәкиев, «Диабеттік ата-аналар комитеті» қоғамдық қорының директоры:
- Мысалы, заң бойынша Ішкі істер министрлігі, Қарулы Күштер, әскерде, соттарда қант диабеті бар азаматтар жұмыс істей алмайды. Бұл аурудың ерекшелігіне байланысты. Диабеті бар адамда қант деңгейі күрт төмөндеп кетсе, ол жұмысқа жарамсыз болып қалады. Қант деңгейі көтеріліп кетсе де сондай жағдай. Бұдан бөлек, өндіріс саласында, теміржол, әуе қатынасында да осындай диагнозмен қызмет ете алмайды. Кейбір көлік түрлерін жүргізуге де тыйым салынған. Қант диабеті бар адам аспаздықпен де, тіпті балетпен де айналыса алмайды. Бір сөзбен айтақанда, шектеу көп. Жұмыс берушілер аз. Сондықтан мен қант диабеті бар балалардың ата-аналарына оқудың гумманитарлық бағытын таңдауға кеңес беремін. Бұл баланың болашақта жұмысқа тұруын жеңілдетеді.
Ауыздың құрғап, шөл қысып, аяқтың ұйып, жаралардың ұзақ жазылмауы мен көру қабілетінің нашарлауы созылмалы сырқаттың басты белгілеріне жатады. Десе де генетикалық көрсеткіштерден бөлек диабеттің пайда болуы адамның өмір салтына тікелей байланысты. Сондықтан одан сақтану үшін артық салмақтан арылып, дұрыс тамақтану мен дене шынықтыруға ден қою маңызды.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Абдулхамит Бөлекбаев