Шығыс Қазақстан облысында екі адам кене энцефалитін жұқтырды .

Олардың бірі емделіп шықса, екіншісі әлі ауруханада жатыр. Сонымен қатар тағы екі тұрғын кене боррелиозына шалдыққан. Бұл жағдайдың бәрі эндемикалық аумаққа кіретін Риддер, Қатон-Қарағай, Алтай аудандарында тіркелді. Жалпы облыс бойынша осы күнге дейін 3 мыңға жуық адамды кене шаққан. Оның 800-ге жуығы бала. Мамандардың айтуынша, қансорғыштардан зардап шеккендердің 90 проценттен астамы кене энцефалиті вирусына қарсы екпе салдырған.

Ілияс Дәулетин, Өскемен қалалық №4 ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Энцефалиттің қаупі өте жоғары. Себебі ол жүйке жүйесін зақымдайды, ол көп кезде қалпына келмейді және қауіптің екінші жағы ауру белгілерінің кеш пайда болуы. Өйткені ол қан жүйесімен емес, нерв жүйесімен жүреді, сондықтан таралуы кеш болуы мүмкін.