Қазақстан азаматтары үшін Мекке қаласындағы Сағат мұнарасы мұражайына арнайы жеңілдіктер қарастырылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Руслан Қоспанов Мекке қаласындағы "Сағат мұнарасы мұражайының" басшылығымен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат пен мұражайдың бас директоры Наиф әл-Малики туризм, ғылым және мәдениет салаларында бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асырудың ықтимал бағыттарын талқылады.
– Алғашқы қадам ретінде тараптар Қазақстан азаматтары үшін мұражайға кіруге арнайы жеңілдіктер қарастыруға келісімге келді. Сонымен қатар, Қазақстаннан келетін ресми делегациялар үшін ерекше шарттар енгізіледі және мұражайдың портативті аудиогид жүйесіне қазақ тілін қосу бойынша жұмыс басталады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыс орнатып, қол жеткізілген уағдаластықтарды ресми түрде бекіту үшін қажетті құжаттарды дайындауға келісті, – делінген хабарламада.
Меккедегі Сағат мұнарасы (The Clock Tower Museum in Makkah) – қасиетті Әл-Харам мешітіне қарама-қарсы орналасқан Абраж әл-Байт мұнаралары кешенінің жоғарғы қабаттарында орналасқан. Мұражай Король Әбделазиз атындағы Ғылыми және астрономиялық зерттеулер институтының қамқорлығымен құрылған және уақыт, астрономия мен ислам күнтізбесі тақырыптарына арналған.
Сағат мұнарасы бірнеше ерекше сипаттарына байланысты Гиннестің рекордтар кітабына енген:
- Жер шарындағы ең биік мұнаралардың бірі – биіктігі шамамен 601 метр, бұл ғимарат әлемдегі үшінші ең биік құрылыс болып саналады (Бурдж-Халифа мен Tokyo Skytree мұнарасынан кейін).
- Әлемдегі ең биік ай таңбасы – мұнараның шыңында орнатылған алтын айдың биіктігі шамамен 23 метр, салмағы 35 тоннадан асады, және ол 30 шақырым қашықтықтан көрінетін лазерлі прожекторлармен жарықтандырылады.