Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 150 миллион долларды құрайды.
"Самұрық-Қазына" АҚ британдық Ashmore инвестициялық компаниясымен және оның еншілес құрылымы Ashmore Healthcare International арқылы бірлесіп, Қазақстанда алғашқы батыстық брендті көпсалалы клиниканы ашуды жоспарлап отыр. Бұл клиника Орталық Азияның медициналық хабы болмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 150 миллион долларды құрайды. Жаңа госпиталь Ashmore компаниясының халықаралық серіктестерінің бірімен бірлесе жұмыс істемек. Бұл өңірдің денсаулық сақтау саласына заманауи медициналық технологиялар мен ең жаңа ғылыми әзірлемелерді енгізуге мүмкіндік береді.
"Қор Ashmore және оның америкалық клиникалық серіктесінің тәжірибесін Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне енгізу мүмкіндігін жоғары бағалайды. Бұл бастама елімізде халықаралық стандарттарға сай медициналық қызмет көрсетуді дамытуға ықпал етед"і, – деді "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Ashmore Group plc компаниясының бас директоры Марк Кумбс өз кезегінде былай деді:
Ashmore Қазақстанның әртүрлі секторларында орнықты дамуына қолдау көрсетуге мүдделі. Біз “Самұрық-Қазынамен” серіктестігімізді жоғары бағалаймыз және бірлесіп елімізде жоғары сапалы медициналық қызмет ұсынатын өңірлік орталық құратынымызға қуаныштымыз.
Сонымен қатар, ұлттық тау-кен компаниясы "Тау-Кен Самұрық" пен америкалық Cove Capital инвестициялық компаниясы әлемдегі ең ірі игерілмеген вольфрам кен орындарының бірі – Солтүстік Катпар мен Жоғарғы Қайрақтыны бірлесіп дамыту жөнінде келісімге келді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,1 миллиард долларды құрайды. Құжат Вашингтонда өткен C5+1 саммиті аясында "Тау-Кен Самұрық" басшысы Нариман Абсаметов пен Cove Capital компаниясының бас директоры Пини Алтхаус арасында қол қойылды.
Қазіргі таңда Солтүстік Катпар жобасының соңғы техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау жұмыстары басталды. Онда Қазақстан аумағында вольфрамды бастапқы өңдеу және паравольфрамат аммоний өндірісін жолға қою қарастырылған. Бұл – ұнтақтар мен тозуға төзімді бөлшектер сияқты арнайы металл бұйымдарын өндіруге арналған бастапқы шикізат.
Екі кен орнының жалпы қоры JORC халықаралық стандарты бойынша 410 мың тоннаға тең, бұл оларды әлемдегі ең ірі вольфрам қорларының қатарына енгізеді.
Жобаны жүзеге асыру – еліміздің тау-кен өнеркәсібін дамыту мен технологиялық әлеуетін нығайтудың маңызды қадамы болмақ.
Cove Capital компаниясы 2015 жылы құрылған. Ол биофармацевтика, жаңартылатын энергия көздері және тау-кен өнеркәсібі салаларына инвестиция салумен айналысады. Компанияның штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан.