Астананың Сарыарқа ауданындағы көтерме-бөлшек сауда базарынан өрт шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап .

Өрт Ы.Дүкенұлы көшесіндегі бір қабатты ғимаратты шарпыған. Оқиға орнында құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, жедел штаб құрылды.

«Өрт сөндірушілер келген кезде от толық лаулап тұрды, сондай-ақ ғимарат құрылысының ерекшеліктеріне, жоғары өрт жүктемесіне және қатты түтінге байланысты күрделенді», деді ТЖМ өкілдері.

Құтқарушылар ғимарат ішінде адамдардың бар-жоғын тексерді. Өрт кезінде тұтынушылар болмаған. Өрт сөндірушілер жалынның таралу қаупін жойды.

ТЖМ сағат 8:26-да өрттің оқшауланғанын хабарлады.

«Өрт сөндірушілер жасырын жану ошақтарын анықтау үшін бутиктердің артындағы үй-жайларды тексеріп жатыр», делінген хабарламада.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 95 адам және 25 бірлік техника жұмылдырылды.

Жаңартылған деректерге сәйкес, өрт толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ.