Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ха барлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақмола облысында көктайғақтың алғашқы күнінде мыңнан астам автокөлік қозғалысы уақытша шектелді.
Ауа райының күрт нашарлап, жолда көктайғақтың пайда болуына байланысты полицейлер күшейтілген қызмет режиміне көшті. Сол күні облыс жолдарында 200-ге жуық патрульдік полиция қызметкері қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Тек бір күннің өзінде 1064 көлік жолдан қайтарылды. Олардың жүргізушілері жазғы шиналармен жүргені анықталған. Мұндай деректердің көбі облыстық және республикалық маңызы бар трассаларда (430 жағдай), Көкшетау қаласында (шамамен 100 жағдай), сондай-ақ аудандық жолдарда тіркелді.
– Бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, кейбір жүргізушілер жазғы дөңгелекпен жолға шығуға тәуекел етті. Дегенмен патрульдердің жедел әрекетінің арқасында бұл күні жол апаттары мен адам шығыны тіркелген жоқ, – деді Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Абуталипов.
Полицейлер жолда қиындыққа тап болған жүргізушілерге де көмек көрсетті.
Сонымен бірге өңірдің жол қызметтері көктайғақтың салдарын жою бойынша тәулік бойы жұмыс істеді. Республикалық маңызы бар трассаларды тазалау үшін 190 арнайы техника жұмылдырылып, 900 тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал себілді.