Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы " АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
27 мамыр күні таңертең "Астана – Жезқазған" бағытында сапар шеккен №66 жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жүктілігінің соңғы кезеңінде болған жолаушы Альвина Пернабаева сапар кезінде толғақ басталғанын сезіп, жолсеріктерден жедел көмек сұрады. Пойыз бастығы Киікбай Маханов пен вагон жолсерігі Алтынай Ғафиуллина шұғыл түрде әрекет етіп, босануға қолайлы жағдай жасау үшін қызметтік нұсқаулыққа сай барлық қажетті шараларды қабылдады", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көмекке Сәтпаев қаласынан шыққан фельдшер мен балабақшада жұмыс істейтін жолаушылар да атсалысты. Пойыз бригадасы мен жолаушылардың үйлесімді әрекетінің нәтижесінде 06:20–де қыз бала дүниеге аман-есен келді.
"Жеңіс станциясына жедел жәрдем тобы алдын ала шақырылып, пойыз келген бетте ана мен жаңа туған сәби медициналық бақылауға алынды. Жаңа туған сәбидің әкесі Алихан Жаналин дер кезінде көмек көрсеткен барлық азаматтарға шын жүректен алғыс білдірді. Ол сондай-ақ, дүниеге келген қызына Асылым есімі берілгенін қуана хабарлады", – деп жазды "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, пойыз бригадаларының қызметкерлері үнемі алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Соңғы 3 жыл ішінде "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарында 15 сәби дүниеге келген.