Түпқараған жағалауында 112 өлі итбалық табылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті Маңғыстау облысындағы итбалықтардың жаппай қырылуына қатысты пікір білдіріп, оқиғаның ықтимал себептерін атады.
3 қараша күні "Жайық-Каспий" аймақаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері Түпқараған ауданы аумағындағы Каспий теңізі жағалауында мониторинг жүргізу кезінде 112 өлі итбалықтың сүйегін тапқан.
Табылған жануарлардың денесі қатты ыдыраған күйде болған. Гидробиология және экология институтының мамандары зерттеуге жарамды үлгілерді алып, сараптама жүргізді.
"Итбалықтардың өлімі шамамен бір ай бұрын болған, алайда Түпқараған ауданының жағалауына олардың денесін батыстан соққан дауылды жел жуырда ғана шығарған. Ғалымдардың көпжылдық зерттеуіне сәйкес, өлімнің негізгі себебі – иммунитеттің әлсіреуі мен ағзаның жалпы төзімділігінің төмендеуі. Бұл жануарларды инфекциялық ауруларға бейім етеді", – делінген комитет хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Каспий жағалауынан табылған итбалық өлексесі 734-ке жетті
Қазір Каспий теңізінің жағалауын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Табылған итбалықтардың денесі санитарлық талаптарға сай жиналып, жойылып жатыр.