Жетісу облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша басты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сот отырысында сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетовтен жауап алынды. Сараптаманың қорытындысына сәйкес, оқиға болғаннан кейін 7 күн өткен соң жүргізілген тексеру нәтижесінде Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесінде әртүрлі ауырлықтағы көптеген жарақат анықталған. Атап айтқанда, денесінің әртүрлі бөліктерінде — басында, аяқ-қолдарында және төс сүйегі тұсында көптеген көгеру болған. Сарапшының айтуынша, мұндай жарақаттар жәбірленушінің есінен тануына немесе өміріне қауіп төндіретіндей ауыр болмаған.
Сонымен қатар сарапшылар қосымша жарақаттарды да тіркеген: жабық бас сүйек жарақаты, ми шайқалу, бетте, аяқ-қолдарда және арқада гематомалар. Қорытындыға сәйкес, бұл жарақаттар уақытша сипатта болған және өздігінен жазылып кетуі мүмкін еді.