Елордада Satbayev University-дің жаңа инженерлік кампусының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа кампус инженерлік білім, ғылым және инновацияны біріктіретін, академиялық дайындық пен өндірісті ұштастыратын инженерлік орталыққа айналмақ.

Қазақстанның алғашқы ұлттық зерттеу техникалық университетінің Астанадағы бұл инженерлік кампусы солтүстік өңірлердің өндірістік салаларына қажет жаңа буын инженерлерін дайындайды.

Заманауи ғылыми-білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында Satbayev University инженерлік кампусы аддитивті технологиялар, робототехника, энергетика және машина жасау зертханаларымен, сондай-ақ коворкингтер мен зерттеу алаңдарымен жабдықталған. Оқу үдерісі университеттің академиялық стандарттарына сай және индустриялық серіктестердің сұранысына бейімделген.

"Біздің мақсатымыз – білім, ғылым және индустрияны біріктіріп, техникалық білім алуды инженер болғысы келетін әр адам үшін қолжетімді ету", – деді Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев.

Satbayev University Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесовтің айтуынша, жаңа кампус тәжірибеге бағытталған дуальды білім берудің орталығына айналады.

"Бүгін біз студенттер тек оқып қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын кампус ашып отырмыз. Астана – ауыр индустрияның орталығы, мұнда зауыттар мен кәсіпорындар бар, студенттер сол жерде тәжірибеден өтеді. Осы бағытта төрт компаниямен меморандум жасалды. Біз стартаптарды дамытып, студенттердің идеяларын жүзеге асыруға және нақты жабдық үлгілерін жасауға көмектесеміз. Машина жасау – күрделі, бірақ маңызды сала. Біз қолымен істеп, шынайы шешімдер жасай алатын инженерлерді дайындауға өз үлесімізді қосуды көздейміз", – деді ол.

Сонымен қатар кампусқа жаңа оқу және өндірістік жабдықтар жеткізілді. Келер жылы студенттер саны 1500-2000 адамға дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр.

Satbayev University инженерлерді даярлауға арналған жаңартылған білім беру бағдарламаларын енгізді, енді студенттер тек технологияны қолданумен шектелмей, оны жасай алатын мамандарға айналмақ.