Қоғамдық талқылауды Сауда және интеграция министрлігі жариялады.
Ведомство бұл қадамға ішкі сауда қағидаларына өзгерістер енгізу үшін барған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған құжатта өзгерістердің мақсаты – экономикалық реформаларды қолдау және азаматтардың қаржы құралдарына қолжетімділігін жеңілдету екені көрсетілген. Оның ішінде жеке тұлғаларға автокөліктерді лизингке алу мүмкіндігі қарастырылған.
Министрлік "жобаны қабылдау ел экономикасына, құқықтық сала мен ұлттық қауіпсіздікке теріс әсерін тигізбейді" деп есептейді.
Айта кетейік, Қазақстанда жеке тұлғаларға көлікті лизинг арқылы беру тетігі енгізіліп жатыр.
Бұған дейін автосарапшы Олжас Оқас лизингке байланысты пікір берген еді.
– Екінші деңгейлі банктер қаржыландыруды әлі жалғастыруда. Яғни, бағдарламалар тоқтап қалған жоқ. Ал лизинг сияқты әлемдік тәжірибенің Қазақстанда кеңінен ауқым алып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс істеуі жақсы жаңалық деп ойлаймын. Қазіргі таңда ҚҚС-тің жоғарылап, теңгенің девальвацияға ұшырайтынын ескеретін болсақ, автонарық бұрынғыдай қалпын сақтай береді. Көліктер елімізде арзандамайды. Лизинг сияқты халықаралық тәжірибенің Қазақстанға келуі және жеке тұлғаларға берілуі нарықты сәл қыздырады деген ойдамын. Бірақ бұл қосымша құрал ретінде сұмдық ажиотаж болады деп ойламаймын, – деген еді ол.