Бұл ұсыныс әзірге қаралып жатыр.
Елімізде біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қойылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Отбасы банктің" баспасөз қызметінің хабарлауынша, талдау нәтижесі зейнетақы қаражатын пайдалану арқылы тұрғын үйді сатып алған кезде әртүрлі сатып алушылардың бір пәтерді бірнеше рет сатып алғанын көрсеткен.
"Бұл жағдайда заңның тікелей бұзылуы орын алған жоқ. Қолданыстағы біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалану ережелерінде мұндай мәселе бойынша шектеу жоқ. Десек те, бұл зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалану қатерін тудырады және тұрғын үй бағаларының нақты статистикасын бұрмалайды", – деп түсіндірді банк.
"Отбасы банк" ықтимал теріс жағдайларды болдырмас үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қолданыстағы ережелерге өзгерістер енгізу ұсынысын жолдады. Атап айтқанда, банк бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен алынған тұрғын үйді сатуды бес жылға дейін шектеуді ұсынады.
"Қарапайым сөзбен айтқанда, егер қазақстандық зейнетақы жинақтары арқылы пәтер сатып алса, ол оны бес жыл ішінде сата алмайды", – делінген жауапта.
"Отбасы банк" бұл ұсыныс екенін, мәселе қаралып жатқанын әрі соңғы шешім қабылданбағанын атап өтті.