Шетелдік жұмыс күшінің саны 15 мыңға жуықтады.

2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында 14 666 шетел азаматы жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен еңбек етіп жүр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік дерегінше, олардың ішінде 561-і – басшылар мен олардың орынбасарлары, 2 280-і – құрылымдық бөлімшелердің басшылары. Негізгі бөлігі мамандар (3 884 адам) мен білікті жұмысшылардан (988 адам) тұрады. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға 3 036 адам, ал корпоративтік ауысу аясында 3 918 адам тартылған.

Қазіргі уақытта елде 1 896 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін пайдаланады. Бұл кәсіпорындарда 339 мыңнан астам қазақстандық еңбек етеді, яғни жалпы қызметкерлердің 96%-ын отандық кадрлар құрайды.

Шетелдік жұмысшылардың көбі құрылыс (4 799 адам), ауыл, орман және балық шаруашылығы (3 065 адам), тау-кен өнеркәсібі (1 187 адам) және өңдеу саласында (1 085 адам) жұмыс істейді.


Оқи отырыңыз: Республика күніне орай ХҚКО-лар жұмыс кестесін өзгертеді


Қазақстанға келетін негізгі елдер қатарында Қытай (5 330 адам), Өзбекстан (2 682 адам), Түркия (1 046 адам) және Үндістан (1 012 адам) бар.

Министрлік биыл шетелдік жұмыс күшіне арналған жалпы квотаны 19,4 мың адам деңгейінде белгілегенін атап өтті.