"Әліппе" Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік қағидаттарына негізделіп құрылады.
Қазақстанда оқу-ағарту министрінің биылғы 23 қаңтардағы бұйрығының негізінде бастауыш білім берудің стандарты қайта қаралып, бекітілген болатын. Соның негізінде қазіргі таңда "Әліппе" пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы қайта жаңартылып жатыр. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғариннің мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.
"Бастауыш сыныптарда "Әліппе", "Ана тілі", математика пәндерін дамытуға қатысты Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес білім мазмұнын қалыптастыруда білім алушылардың жас ерекшеліктері, физиологиялық мүмкіндіктерді бойына сіңіру міндеттері басты назарға алынады. "Әліппе" оқу пәнінің бағдарламасы жалпыдидактикалық және Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік қағидаттарына негізделіп құрылған. Пән мазмұны білім алушыларға әріп таныту, оқуға және жазуға үйрету, негізгі тілдік ұғымдар мен сөйлеу әрекеттерін қалыптастыруды көздейді", – делінген Серік Жұманғариннің жауабында.
Сондай-ақ, ол бастауыш сыныпта оқытылатын математика пәнінің ерекшелігіне де тоқталды. Оның айтуынша, "Математика" пәні бойынша оқу жүктемесі 1 сыныпта аптасына 4 сағатты (жылына 132 сағат), 2 сыныпта аптасына 4 сағатты (жылына 136 сағат), 3 және 4 сыныптарда аптасына 5 сағатты (жылына 170 сағат) құрайды.
"Бұл оқу материалының көлемін біртіндеп ұлғайтуды қамтамасыз етеді және білім алушылардың математикалық білімі мен дағдыларын дәйекті қалыптастыруға ықпал етеді", – деді үкімет басшысының орынбасары.
Оқи отырыңыз:
"Әліппенің орнын әлеуметтік желі басты". Депутат TikTok-қа тыйым салуды талап етті
Алтай қазақтары "Әліппе" мен "Қазақ тілінің" өзіндік жаңа нұсқасын басып шығарды