Астанада ReStart атты креативті конференцияда«Қылмыстықжаза өтеген жастарды қоғамға бейімдеу» тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес және халықаралық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер мен бостандыққа шыққан жастар қатысты. Тараптар қылмыстық-атқару жүйесіненөткен жастардың қалыпты өмірге оралуына, қоғамға бейімделуіне және қайта қылмысқа бармауына көмектесетін нақты шараларды әзірлеу жолдарын талқылады.

Конференция аясында практикалық шеберлік сағаттары өтті. Онда сарапшылар қатысушыларға түйіндеме жасауды, сұхбаттан өтуді үйретті. Психологтар отбасындағы қарым-қатынас тақырыбында тренинг өткізді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар негізгі мәселелер мен сұраныстарды анықтау үшін онлайн сауалнама жүргізді. Басқосу еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігі «Қылмыстық жаза өтеген жастарды оңалту және бейімдеуге бағытталған кешенді іс-шаралар өткізу» әлеуметтік жобасы аясында, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірігіп ұйымдастырды.

Жоба пилоттық режимде Астана, Қарағанды және Көкшетау қалаларында іске қосылды. Жобаның мақсаты – бұрын сотталған жастарға заңгерлік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету, білім алуына, біліктілігін арттыруына және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу, сонымен қатар мәдени, спорттық іс-шараларға тартуды көздейді.

Жоба нәтижесі бойынша оның тиімділігі талданады. Оң баға берілген жағдайда жоба бүкіл Қазақстан бойынша жүргізілетін болады. Сондай-ақ мақсатты топты әлеуметтендіруге және бейімдеуге бағытталған арнайы бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр.