Африканың үш дүркін чемпионы Хенок Мулюбырхан Қазақстанның XDS Astana Team командасымен өткізген екі маусымнан кейін келісімшартын тағы екі жылға – 2026 және 2027 жылдарға ұзартты.

25 жастағы эритреялық велошабандоз 2025 жылды жоғары деңгейде өткізді. Ол маусымды "Маскат Классик" жарысында үшінші орыннан бастап, кейін "Руанда турының" бір кезеңінде жеңіске жетіп, жалпы есепте екінші орын иеленді. Маусымдағы басты жетістігі – "Цинхай көлі турының" жалпы есебінде топ жарып, бір кезеңде жеңіске жетуі болды. Сондай-ақ Мулюбырхан маусымды "Кюсю турының" соңғы кезеңіндегі жеңіспен және осы көпкүндік жарыстың ұпай классификациясында үздік атанып, қорытындылады.

"Біздің команда бұл маусымда тамаша нәтиже көрсетті және мен оның бір бөлігі болғаныма өте қуаныштымын. Осы екі жыл ішінде XDS Astana Team маған көп нәрсе берді. Үлкен тәжірибе жинадым. Командада тек әріптестер емес, нағыз достар таптым. Келісімшартты ұзартқаныма қуаныштымын. Бұл маусым сәтті өтті. Бірақ мен бұдан да жоғары нәтижелерге ұмтыламын. Ең үлкен арманым – "Тур де Франс" жарысына қатысып, сол жерде өз елім – Эритреяны және командамды лайықты таныстыру", – деді Хенок Мулюбырхан.

"Соңғы екі жылда Хенок айтарлықтай өсті, тұрақтылық пен сенімділікке ие болды. Белгілі деңгейдегі жарыстарда ол үнемі фавориттердің қатарында. Сондықтан команда оған сенім арта алады. Менің ойымша, оның әлеуеті одан да ірі жарыстарда ашыла түседі. Ол әлі небәрі 25 жаста. Ал біздің командамызда Азияда ғана емес, Еуропада да дамуға мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде жақсы нәтижелер бар. Енді соларды арттыру үшін бірге жұмыс істейтін боламыз", – деді XDS Astana Team командасының бас менеджері Александр Винокуров.

Сондай-ақ елордалық ұжым 23 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионатының қола жүлдегері, аустралиялық Марко Шреттльмен үш маусымдық келесімшартқа қол қойды. Енді Марко жаңа маусымда әлемдік турдың командасында дебют жасайды.