Зиянкесті улауға қосымша техника тартылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
14 өңдеу агрегаты, 4 ұшақ, 2 дельтаплан, 5 дрон және 45 арнайы аппарат жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Қызылордада өткен республикалық штаб отырысында айтылды. Жиынға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты. Былтыр жүргізілген зерттеу нәтижесінде облыс бойынша 115 мың гектардан астам жерде зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары жоспарланған. Италиялық прус шегірткесі болуы мүмкін 448 мың гектар жер зерттеліп, соның 19 мың гектары қауіпті деңгейде деген қорытынды жасалған. Бүгінде 12 мың гектардан астам жер өңделді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Шегірткеге қарсы күрес көлемі Қазақстан бойынша 2 млн 100 гектар. Бүгін 700 мың гектарға жуық жұмыс жасалды. Әрі қарай үлкен жұмыс тұр. Оңтүстікті аяқтап жатсақ, Түркістан, Тараз, сіздер аяқтайтын болсаңыздар, солтүстікте енді басталып жатыр. Сондықтан алдымызда үлкен жұмыс тұр әлі. 2 млн 100 гектар, әрине, өткен жылмен салыстырғанда 1 млн-ға аз. Бірақ әлі де зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.