Бұл шешімді Air Astana директорлар кеңесі қабылдады.

"Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Air Astana бас атқарушы директоры қызметіне неліктен Ибрахим Жанлыел тағайындалатынын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

— Өздеріңіз білетіндей, Air Astana — бұл жария компания, онда жеке инсторлар мен шетелдік институционалды инвесторлар мажориталық акционер саналады. "Самұрық-Қазынаның" үлесі 41 пайыз. Air Astana компанияның жаңа бас атқарушы директоры болып сайланған Ибрахим Жанлыел бұл лауазымға 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап кіріседі. Ол — тәжірибелі қызметкер. Air Astana компаниясында 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Әуе компанияларындағы еңбек өтілі 30 жылдан асады, — деді ол Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның атап өтуінше, бүгінде Air Astana өңірдегі ең ірі компаниялардың біріне айналды. Компанияда 62 әуе кемесі бар. 14 мәрте өңірдің үздік компаниясы атанған.

— Бұл қазіргі менеджмент өз жұмысын атқарып келе жатқанын дәлелдейді. Ибрахим Жанлыел соңғы 9 жыл бойы Питер Фостердің орынбасары болды. Бұл лауазымға оның тағайындалуы Air Astana компаниясы дамуының сабақтастығын білдіреді. Air Astana стратегиясы аясында бекітілген даму бағытын сақтау үшін кандидатты іштен таңдап алды. Оған бәрінен де Ибрахим Жанлыел лайық болды, — деді Нұрлан Жақыпов.