Егер білім, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың қандай да бір кінәсі анықталса, жұмыстан шығарылады. Арнайы комиссия өз қорытындысын шығаруы тиіс.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров 14 жастағы ананың тағдырына кім жауапты екенін анықтауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Соңғы аптада елді дүр сілкіндірген жағдайлар болды. Қыз бала жүкті болды. Жауапсыздық, немқұрайлылықты көрсетеді. Кім жауап береді? Дәрігерлер ме, сол сыныптағы мұғалімдер ме? Кім өз міндетін атқармаған? Басшылар ма, аудан әкімдігі ме? Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тексеру жүргізуі тиіс. Шұғыл түрде шешім қабылдап отырмыз. Баланың болашағы не болады? Тексеріп, жауаптыларды анықтау, кінәсі болса, қызметтен босату керек, – деп тапсырды Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы алдын алу шараларын күшейту, тиісті мекемелердің жауаркершілігін арттыру тапсырылды.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы Ойыл ауданында 9-сынып оқушысы ана атанды. Оның жүкті екенін ешкім білмеген. Тіпті үш рет медициналық тексеруден өтсе де, анықталмады.