Израиль премьер-министрі келісімнің жүзеге асу үдерісіне разы емес. Бейбіт жоспардың алғашқы кезеңі аяқталды. Енді екінші кезең басталуға тиіс. Алайда екі жақта бұған дайын емес.
ХАМАС уағдаластық бойынша 28 тұтқынның сүйегін толық тапсыра алмады. Егер жағдай ретке келмесе, аймақта жағдайдың ушығатын түрі бар.
Израиль-ХАМАС келісімі бұзылуы мүмкін:
- Израиль мен ХАМАС бір-біріне әлі тіс қайрап отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газа жоспарына қатысты шарттар ішінара ғана орындалды. ХАМАС шартқа көнгенмен, қаруын тастайтын түрі көрінбейді. Ал Трамп бұған сенімді болды. Израиль тарапынан өлгендердің сүйегі де қайтпай жатыр. Өйткені құлаған үйдің астында қалған болмаса бомба түскен жерде көміліп қалған адам мүрдесін табу оңай емес. Топ өкілдері адам сүйектерін үйінді астынан табу үшін әуелі техника сосын уақыт қажет дейді. Алайда бұған Израильді сендіру қиын. Биньямин Нетаньяху бұл ХАМАС-тың кезекті айлы-шарғысы, әдейі істеп отыруы мүмкін дегенді алға тартады. Оылайша тараптардың пікірі тағы қақ жарылды.
Ахмад Абдул-Хади, Ливандағы ХАМАС өкілі:
- Халқымызды қырып-жоюға бағытталған әрекеттерді тоқтатуға тырыстық. Иә, келісімге сәйкес, ХАМАС бас тартады. Алайда бұл кері шегіну емес. Жағдайға қарай, іс-әрекетті өзгертеміз. Тұтқындарды толық қайтару туралы уәдені орындаймыз. Оның жүзеге асу бүгін-ертең болатын нәрсе емес. Қаза тапқандарының денесін табуға уақыт керек.
Келісім жүзеге аспаса, зардабын тартатын халық. Газалықтарға тыныш өмір бұйырмай-ақ қойды. Аймақ экономикасы құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Инфрақұрылымның 85%-ы жарамсыз. 400 мың көпқабатты үй толық қираған. Су, электр желісі мен байланыс жүйелері түгел істен шыққан. Халықтың негізгі күнкөрісі — ауылшаруашылығы еді. Егістік алқаптарының түгі қалмаған. Мектептердің орны ғана жатыр. Бұл білім саласына салмақ салары сөзсіз. Барынан айырылған жұрт, қазір тақыр кедейге айналған. Соғысқа дейін кедейлік бойынша көрсеткіш 40 пайыз болса, қазір 90 пайызға жетті. Дүниежүзілік банк пен Біріккен Ұлттар Ұйымы бірлесіп жүргізген есеп бойынша, Газаның экономикалық әлеуеті қақтығыс әсерінен 83 пайызға әлсіреп, жұмыссыздық деңгейі 80 пайызға дейін күрт өскен.
Исса Ан-Наджар, тұрғын:
- Кедейлік деген тек материалдық жоқшылық емес. Бұл – өмір сүру жағдайы. Соғысқа дейін бізде ғимараттар, үйлер, фермалар, фабрикалар және кәсіпорындар болды. Өкінішке қарай, бәрі бір сәтте тып-типыл болды.
Газа қазір әлемнен оқшауланып қалған. Десе де геосаяси жағынан ықпалы басым. Сосын бұл жерге көз тігетіндер мен байлығын иеленгісі келетіндер көбейді. Қазір гуманитарлық дағдарыс ушығып тұрғанымен, болашақта экономикалық әлеуеті зор энергетикалық ресурстары мол тартымды аймақ бола алады. Өйткені стратегиялық тұрғыда орналасқан жері, климаты бәрі мінсіз. Жерорта теңізінің жағалауында орналасқандықтан, Еуропа – Африка – Азия арасындағы тауар ағынына қосылуға мүмкіндігі бар. Бұл теңізге шығатын жол мен сауда, логистика саласына тың серпіліс береді. Топырағы құнарлы болғандықтан, соғысқа дейін цитрус жемістері, зәйтүн, көкөністер мен гүл экспортымен танымал болған. Тізе берсек артықшылығы көп-ақ.
Алайда бұл артықшылықтарды пайдалану үшін соғысты тоқтату, инфрақұрылымды қалпына келтіру және халықаралық қолдау қажет.