Қазақстанда бірнеше банк ипотекаға өтініш қабылдауды тоқтатты. Кейбірі барлық бағдарламасын жауып тастаса, басқалары ішінара шектеу қойды. Мұның мән-жайы KAZ.NUR.KZ материалында.
10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтерді. Бұл шешім қазірдің өзінде ел экономикасына тікелей әсер етіп жатыр.
"Крыша" порталының хабарлауынша, бірқатар банк ипотекалық несие беруді тоқтатты.
14 қазандағы жағдай бойынша келесі банктер ипотеканы тоқтатты:
- Altyn Bank екінші нарықтағы тұрғын үйлер бойынша ипотекаға өтінім қабылдамайды. Қазіргі уақытта бұл банк бірінші нарықтағы жаңа үйлерге арналған серіктестік бағдарламалар арқылы ғана ипотека беріп жатыр.
- "Банк Центр Кредит" техникалық мәселелерге байланысты барлық ипотекалық бағдарламаны уақытша доғарды, банк тек мемлекет қаржыландыратын "7-20-25" бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдауда.
- "Нұрбанк" ипотека беруді және жаңа өтініштерді қарауды тоқтатты.
- ForteBank ипотекалық бағдарламаларды, соның ішінде кепілмен қамтамасыз етілетін ипотеканы тоқтатты.
- Freedom Bank сол банк арқылы жалақы алатын клиенттерінен және холдинг қызметкерлерінен ғана өтінім қабылдайды. Басқа несиелерді алуға өтініштер қабылдау тоқтатылды. Тек серіктес құрылыс салушылардан жаңа пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін "Каскадты" ипотекалық несие қолжетімді. Ипотеканың ең жоғарғы сомасы – 35 млн теңге.
- Halyk Bank екінші нарықтағы үйлерді ипотекаға алуға өтінім қабылауды тоқтатты.
Банктер неліктен ипотека беруді тоқтатты
Банктердің ипотекалық өтінімдерді қабылдауды тоқтатуының себебі, қазір оларға қаражатты қарызға алу қымбаттады – базалық мөлшерлеме банктердің несие беру кезінде табатын маржаны күрт төмендетті.
Бұл, әсіресе, қайталама нарықтағы ипотекаға қатысты. Онда қарыз қаражатының құны мен несие мөлшерлемесінің арасындағы айырмашылық төмен болды — сондықтан банктердің несие беруі экономикалық тұрғыдан тиімді емес болып шықты.
Экономист Эльдар Шамсутдиновтың "Крыша" порталына берген мәліметіне сүйенсек, қазір банктердегі ипотека ескі параметрлерге негізделген. Ескі мөлшерлеме бойынша несие беру, әсіресе саясат одан әрі қатаңдатылдаса, олар шін шығынға жұмыс істеу дегенді білдіреді.
Ал банктерге несие беруден гөрі арбитраж арқылы, яғни мөлшерлемелер арасындағы айырмашылықтан табыс табу оңайырақ.
Ол шамамен былай жұмыс істейді: банк 14-15 пайызбен депозит тартады, содан кейін түскен қаражатты Ұлттық банктің құралдарына 17 пайызбен салады, осылайша несие бойынша ипотека пайда емес, шығын көзі болып саналады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз