Тарихшылар Алашорда қайраткерлері қандай жағдайда отбасын құрғанын және сол дәуірге тән ойлау ерекшелігін айтып берді.

XIX ғасырдың ортасы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының отбасылық өмірі туралы әңгімелер Қазнетте үнемі қызу пікірталас тудырып отырады. Жақында бұл тақырып әлеуметтік желілерде тағы да талқыланды. Себеп тарих желісінен үзіліп алынған бір тұжырым болды. Онда сол заманның көрнекті қайраткерлері өз еркімен өзге ұлт пен дін өкілдерінен жар таңдады деген пікір айтылған. Бұл ой толық мәтін аясында кеңінен ашылмаса да, жалпылама "ақиқат" ретінде қабылданыпп, ұлттың өткеніне деген көзқарасты қайта сүзгіден өткізуге мәжбүр етті.

Желі қолданушыларының назары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жаханша Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұстафа Шоқай сынды тұлғалардың жеке тағдырына ауды.

Осы орайда Informburo.kz редакциясы мәселенің байыбына барып, "Алаш" қозғалысы қайраткерлерінің қандай тарихи жағдайда отбасын құрғанын, олардың жар таңдаудағы шешіміне қандай әлеуметтік, рухани және жеке факторлар әсер еткенін зерттеуді жөн көрді.


Материалдың түпнұсқасы: Любовь и идеалы “Алаша”. Как лидеры казахской интеллигенции выбирали спутниц жизни


Өркениетті пікірталас мәдениеті

Саясаттанушы Талғат Қалиев Қазнеттегі соңғы дау-дамайларды саяси пікірталас мәдениетінің жетіспеушілігінің мысалы ретінде бағалады.

XIX–XX ғасырлар тоғысындағы қазақ зиялыларының неке мәселесін талқылау бастала сала-ақ дәлелді ой алмасу аясынан шығып кетті. Пікір таластырушылар тексерілген деректерге сүйеніп, әрқилы көзқарастарды жинақтап, байыппен саралаудың орнына, бір-бірінің жеке басына тиісіп, қарсыласын жағымсыз эмоциялық реңктегі сөздермен теңей бастады. Нәтижесінде бұл күрделі тақырып жеке таңдау, әлеуметтік нормалар мен ұлттық жаңғыру үдерісі арасындағы күрделі байланыстың талқысына емес, хейт пен қатаң қарсыласуға ұласты. Қызу пікірталас желіде әлі де жалғасып жатыр. Алайда мазмұны жағынан көпшілігі әлі де "салмақты қоғамдық диалог" деңгейіне жете алған жоқ.

"Бұл бізде ұзақ уақыт бойы көптеген тақырыптың табу болуының салдары. Сөз бостандығына қатысты елеулі шектеулер болды. Мұндай жағдайлар өркениетті пікірталас мәдениетінің дамуына кедергі келтірді. Қазір біз сол кезеңнен өтіп жатырмыз. Бұл өсуге тән өткел. Бізге енді адамдардың өзін емес, олардың пікірін, көзқарасын, шешімі мен әрекетін сынға алуды үйрену қажет. Бұл екеуінің арасында өте нәзік шекара бар. Лайықты түрде пікір таластыра білу керек", – деді спикер.

Ол әлеуметтік топтарды жалпылама қарастырып, оларға таңба мен стереотип тағу адамның беделін түсіреді және конструктивті диалогқа кедергі болатынын айтады. Оның пікірінше, өз қадір-қасиетін түсінетін адам басқа адамды да құрметтейді. Вольтер айтыпты дейтін: "Мен сенің пікіріңе қарсымын, бірақ оны еркін айтуға деген құқығың үшін өмірімді де қиюға дайынмын" деген сөзге, өкінішке қарай, желідегі пікір таласушылардың тек аз ғана бөлігі сүйенеді.

"Алашорда қайраткерлерінің көбінің әйелі басқа этнос өкілінен болғаны сол кездегі қазақ қоғамының ашықтығын көрсетеді. Бұл қазақтардың сол тарихи кезеңде ұлтаралық некелерге деген көзқарасының, қандай да бір тосқауыл мен таптаурындардың болмағанының дәлелі”, – деді саясаттанушы.

Сонымен қатар, бұл факт Талғат Қалиевтің пікірінше, алашордашылардың даму деңгейін де көрсетеді.

"Мәскеуде тұрған кезімде жоғарыда аталған азаматтардың барлық салтанатты жиындарда ең көзге түсетін жастардың қатарынан болғанын естідім. Олар ерекше сымбаттылығымен, көркем мінезімен, талғамымен, тапқырлығымен және жоғары интеллектісімен ерекшеленген. Барлық жағынан тартымды болғандықтан, ең қалаулы күйеу жігіт болуы да заңды. Яғни, үйленуге бастаманы тек олар ғана емес, қыздар да жасаған. Аталмыш жастар Мәскеу мен Петербургтің сұлу қыздарының ықыласына ие болды. Олар сол ортада өмір сүргендіктен, тағдыр жолықтырған адаммен қарым-қатынас құрды. Өз ұлтының өкілдері жанында болмады".

Саясаттанушының пікірінше, қазақтарда қазігідей алдын ала қалыптасқан теріс көзқарас болмаған. "Ұлтаралық некелерді мәдени ашықтықтың айғағы ретінде бағалау қажет. Егер алашордалықтар жұбай таңдауда қазақ қоғамынан ерекшеленсе, қоғам оларды қабылдамас еді".

Жеке шаруа

Ресейлік және қазақстандық тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Дина Аманжолова алашордашылардың некесіне қатыты тақырып Қазақстан медиасында неге қайталана беретінін түсінбейтінін айтты.

"Тек "Алаш" қайраткерлері ғана емес, қазіргі заманғы әртүрлі мемлекет басшысының, оның ішінде Қазақстанның басшысы да бар, ұлтаралық некеге тұрғанын білеміз. Заң бұған тыйым салмайды, бұл – отбасының жеке ісі. Сондықтан да осындай екпіндегі пікірталастар қоғамдық сананың ерекшелігін көрсетеді. Мүлде назар аударуға тұрмайтын нәрсеге тым көп мән беру мәдени мәселелердің бар екенін аңғартады. Егер Әлихан Бөкейханов кез келген басқа ұлттың, мысалы, поляк, башқұрт немесе саха қызына үйленген болса, сосындай мәселе туындар ма еді? Мәселе ол кісінің өзінде де, әйелінде де емес, қоғамдық санадағы ұлтшылдықтың шамадан тыс болып кетуінде", – дейді тарихшы.

Оның сөзінше, Ресей империясының заңнамасы неке мәселесін дін тұрғысынан қарастырған және соған байланысты нақты шектеулер болған. Бұл жалпыға аян факт.

"Алайда тарихи контекстті ескерсек: православ әйелге үйленген мұсылман Ресей империясының заңдарын немесе шариғат талаптарын бұзды ма? Мұндай некелерге мұсылман қауымдастығы қалай қарайтын? Әлихан Бөкейханов христианға үйленгендіктен "жеткілікті" мұсылман болмай қалды ма? Бұл бөлек мәселе. Менің ойымша, бұл бізді алаңдатпауы керек – ол оның жеке өмірі және таңдауы".

Дина Аманжолованың айтуынша, Бөкейхановтың "тамаша әйелі болған, ол оны, білуімізше, өте жақсы көрген. Себебі әйелі қайтыс болғаннан кейін қайта үйленбеген. Кейін азаматтық некеде өмір сүргені туралы ешқандай дерек жоқ. Оның Ұлы Отан соғысына қатысқан қызы және Кеңес Отаны үшін қаза тапқан немересі болған. Демек, Бөкейханов өз еліне адал азамат болып, балаларын лайықты тәрбиелеген".

Тарихшы атап өткендей, Әлихан Бөкейханов кеңес кезеңінің барлық сынағынан абыроймен өтті: шет елге кетпеді, жасырынған жоқ. Сонымен қатар, некесіне адал болды, бұл басқа қайраткерлер сияқты құрметке лайық. "Жеке өмірді талқылауды аяқтайтын уақыт келді", – деп қорытындылады спикер.


Оқи отырыңыз: Алаш зиялыларына ескерткіш орнатуға не кедергі


Шоқан бөтен діндегі әйелге үйлену туралы ойламаған

XIX ғасырдың басынан XX ғасырдың басына дейінгі уақыт – өте ауқымды тарихи кезең. Бұл уақыт түрлі әлеуметтік, саяси және мәдени контекстілермен сипатталады, мұны ескеру қажет.

"Ресей империясында неке, негізінен, бір дін өкілдері арасында қиылатын. Православтар шіркеуде православтарға үйленетін, ал мұсылмандар мұсылман әйелдермен неке қиятын. Яғни, қазіргідей АХАЖ деген болмаған. Некелерді шіркеу тіркейтін, мұсылмандарда діни басқарма тіркейтін немесе неке әдет бойынша рәсімделетін. Басқа діндегі адамға үйлену қиынға соғатын және ондай қадам құпталмайтын. Мысалы, Шоқан Уәлиханов, өзінің хаттары мен Григорий Потаниннің естеліктерін оқысаңыз, қаншалықты сері, сәнқой жігіт болып, түрлі ұлт қыздарының арасында танымал болса да, орыс қызына үйлену туралы тіпті ойламаған", – дейді Назарбаев университетінің Әлеуметтану және антропология кафедрасының антропология бойынша доценті Әлима Бисенова.

Төңкеріске дейінгі кезеңде дінаралық неке, әдетте, некеге тұратын екі тараптың біреуі екіншісінің дінін қабылдағанын білдіретін. Бұл өте сезімтал мәселе болатын. Ешбір зиялы қауым өкілі өзін "шоқынған" деп атағанын қаламайтын. Соған қарамастан XX ғасырдың басына қарай көптеген қазақ қайраткері орыс әйелдерге үйлене бастағаны.

Төңкерістен кейін ұлтаралық некелерге қойылған барлық институционалды кедергі жойылды. Мұндай одақтар заңды деп танылып, кеңес мемлекеті оларды, тіпті, құптайтын. Олар "нағыз кеңестік" өмір салтының көрінісі ретінде қарастырылды. Ең болмағанда, "Мен ұлтшыл емеспін – менің әйелім орыс" деп айтуға болатын еді. Дегенмен, саяси репрессияның ең ауыр жылдарында мұндай дәлел де әрдайым көмектесе бермеген сияқты.

Сарапшы әр жағдайды жеке қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, алашордашылардың арасында татар қыздарына үйленгендер де (бұл мәселе туғызбаған), орыс қыздарға үйленгендер де (бұл белгілі бір талас-тартыс туғызды) көп болған. Ол кезде "Қолы жеткен орыстан алады, қолы жетпеген татардан алады" деген сөз болған.

"Менің ойымша, бұл сұраққа жауапты алаштанушылар беруі тиіс. Біздің болжамымыз бойынша, алашордашылар махаббатпен үйленген, бірақ сондай некелер сол кездегі әлеуметтік мобильділік мүмкіндіктерін де ашқан болуы мүмкін. Мысалы, некесі көп талқыланған Әлихан Бөкейханов Самарада өмір сүріп, губернияның жоғарғы қоғамының және кадет партиясының мүшесі болған. Оның алға жылжуына әйелі ықпал еткен болуы мүмкін. Әйтпесе, ол тек мұсылман фракциясымен шектелген болар еді. Оқыған, білімді орыс әйелі оған тезірек "еуропалануға" көмектесті, ал Еуропа алашордашылар үшін оқыған, дамыған ел ретінде үлгі болды. Соңында олардың мақсаты қазақтарды алдыңғы қатарлы елге айналдыру еді", – деді ғалым.

Қазақша эмансипация

Әлима Бисенова алашординдіктердің қазақ әйелдеріне қатысты пікірі екіұшты болғанын айтады. Бұл постколониалды интеллектуалдық қауымдастықтарға тән құбылыс, онда гендерлік рөлдер бөлінісі байқалады: ерлер жаңғыртуға жауап берсе, әйелдер "руханият", "дәстүрді сақтау" және соған ұқсас міндеттерді атқарады.

Спикер Мұхтар Әуезовтың "Кінәмшіл бойжеткен" атты шығармасын тілге тиек етті, онда бұл тақырып жақсы ашылған. Негізгі кейіпкер Ғайша – білімді қыз, алайда оның "беделі түсініксіз" және еркектермен қарым-қатынасындағы сексуалды еркіндігі қатты сыналады, ал осындай мінез-құлық орыс қыздарына рұқсат етіледі. Еркектер өсек таратып, бір-біріне оған үйленбеуге кеңес береді. Әуезов 1920-жылдардың басындағы шындықты суреттейді.

Бисенованың болжамынша, бұл әңгіме орыс тіліне аударылмаған да болуы мүмкін, себебі белгілі бір дәрежеде ол "антисоветтік" сипатқа ие. Онда сол кезеңдегі қазақ әйелдерінің эмансипацияны "неке құрудағы кең таңдау мүмкіндігі» ретінде қабылдауы көрсетіледі. Ғайша әр түрлі съездерге кәсіби тұрғыда қатысу және қазақ әйелдерін "көрсету" мақсатында емес, тек білімді және интеллигентті қазақтар арасынан лайықты жар табу үшін барады.

Сонымен қатар "Оқыған Азаматта" әңгімесінде де басты кейіпкерлердің бірі досының жесіріне материалдық мүдде үшін үйленіп, досының анасын мұрасыз қалдырады. Әуезов бұл туындыларында білімді қазақтар арасындағы неке құру дәстүрін өте аяусыз сипаттайды.


Оқи отырыңыз: Алаш қайраткерлерін жақсы білесіз бе? Фототест


Сенім, махаббат және еркіндік

Тарихшы-алаштанушы, Әлихан Бөкейханов туралы монографияның авторы Сұлтан Хан Аққұлы "Алаш" қозғалысының жетекшілері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай орыс қыздарына үйленгенін растады. Дегенмен, ол бұл жағдайды заңдылық деп есептемейді. Тарихшы пікірінше, аталмыш "Алаш" қайраткерлері өмірлік серігін есеппен емес, махаббатпен саналы түрде таңдаған.

Ахмет Байтұрсынұлының әйелі, туған аты Александра Журавлёва, ислам дінін қабылдап, орыс атынан бас тартқаны белгілі. Ол Бадрисафа Мұхаммедсафина деген мұсылман атын алған. Бұл оның өз еркімен жасаған таңдау еді. Алашорда қазақ-қырғыз халық кеңесінің (үкіметінің) батыс бөлімшесінің басшысы Жаһанша Досмұхамедұлы да орыс қызымен некеге тұрған. Ол құқық факультетін тәмамдап, 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін Томскіде облыстық прокурордың орынбасары қызметін атқарған. Сол жерде болашақ жарымен танысқан.

"Әлихан Бөкейханның өз әріптесі, Омскідегі "Степной край" газеті қызметкері және Императорлық орыс географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінің толық мүшесі Яков Сергеевич Севастьяновтың қызына үйленуі табиғи таңдау болды. Санкт-Петербургтегі Орман институтын бітіргеннен кейін ол көп уақытын Омскіде өткізді. Сондықтан ол өмірлік серігін өзінің кәсіби және қоғамдық ортасынан таңдады", – деді Сұлтан Хан Аққұлы.

Тарихшының айтуынша, Ақмола облысы жандарм басқармасының хат алмасуынан белгілі болғандай, Әлиханды бірнеше рет туған өлкесіне, Семей облысы Қарқаралы уезіне қайтып келуге шақырған, сол жерде текті жерден, құрметті отбасынан қалыңдық табуды ұсынған. Бірақ ол ауылға оралғаннан гөрі Омскіде қалса, халыққа көбірек пайда әкелуге болатынын ойлап, бас тартқан.

Тарихшының айтуынша, Ақмола облысы царлық жандарм басқармасының хат алмасуынан белгілі болғандай, Әлиханға бірнеше рет туған өлкесіне, Семей облысы Қарқаралы уезіне қайтып келуге шақырған, сол жерде жақсы шыққан, құрметті отбасынан құда табуға ұсыныс жасаған. Бірақ ол Омскіде қалып, ауылға оралғаннан гөрі халыққа көбірек пайда әкелуге болатынын ойлап, бас тартқан.

"Нәтижесінде ол сол кездегі қазақ дәстүріне қарағанда кеш үйленген – 1901 жылы, жасы 34–35-те болған кезде. Тіпті қазіргі қазақ дәстүрімен де бұл кеш үйлену саналады. Айта кететін жайт, Әлихан Бөкейханның болашақ жарының әкесі (бұл кісі революциялық-демократиялық ортаға жататын және әскери атағы жоқ адам еді) қызына тұрмысқа шығар алдында басқа ұлт пен дін өкіліне тұрмысқа шығу қоғамда қалай қабылданатынын ойлауды ескертті. Ол сондай-ақ: "Ойланып, өзің шеш. Мен сен үшін Әлиханнан артық лайықты күйеу көрмеймін. Батамды бердім" деген", – деді сарапшы.

Сонымен қатар, Әлиханның анасы Бегім ханым ұлының таңдауы қатты қарсы болған. Ол өмірінің соңына дейін келінін мойындамаған және "Мойнында крест тұрған келінді қалай қабылдаймын?!" деген.

Әлиханның жары шынында да ислам дінін қабылдамаған және өмірінің соңына дейін православ христиан болып өткен. Осыдан оншақты жыл бұрын, мынадай қызық дерек белгілі болды: қызы Елизавета Әлиханқызы осы жағдайға байланысты анасына өкпелі болыпты. Әлихан Бөкейхановтың немере інісінің жұбайы Александра Борисовнаның айтуынша, анасы мен қызының арасында осы себепті суық, шиеленіскен қарым-қатынас болған. Александра Борисовна Мәскеуде тұратын Елизаветаны жиі көрген екен.

"Әлихан Бөкейханның дінге қатысты философиялық көзқарас ұстанды. Ол сенім адамдарды бөліп-жармауы, халықтар арасында жауыздық тудырмауы және махаббатқа кедергі жасамауы тиіс деп есептеді. Оның дүниетанымы Құдай бір және оған жетудің түрлі жолдары болуы мүмкін деген түсінікке негізделген. Бұл, әсіресе, 1899 жылы Лев Толстойдың "Сурат кофеханасы" әңгімесін "Қырғыз далалық газеті" мен оның қазақ тіліндегі қосымшасы "Дала уалаятының газеті" басылымына аударғанынан айқын көрінеді. Сол әңгімеде әртүрлі дін өкілдері өз сенімінің ақиқаттығын талқылайды. Конфуциан кейіпкерінің бірі: "Діндер әртүрлі, бірақ Құдай бір" дейді. Осы гуманистік көзқарас Әлиханға жақын болды. Ол әр адамның ұят пен сенім еркіндігіне құрметпен қарауды ұстанды".

Спикердің түсіндіруінше, Әлихан Бөкейхан жары Елена Яковлевнаны ислам дінін қабылдауға мәжбүрлемеген. Тіпті ол 1921 жылы жұқпалы аурудан қайтыс болған кезде соңғы тілегін орындап, православтық дәстүрмен жерлеген. Ол үшін арнайы православ дін қызметкерін шақырған. Бұл тек құрмет қана емес, терең махаббаттың, басқа адамның сеніміне деген құқығын мойындаудың белгісі еді. Әлихан дәл осындай – ішкі еркіндігі бар, махаббатты, ар-намысты, қадір-қасиетті дін догмаларынан биік қойған тұлға болған.

Осы деректерге қарамастан, спикердің айтуынша, Әлиханның жеке таңдауы оның беделіне нұқсан келтірген жоқ.

Тарихшы Ресей империясы Мемлекеттік думасының алғашқы шақырылымының 10 жылдығына арналған естеліктен үзінді келтірді. Әлихан Бөкейхан өз естелігінде 1906 жылы депутаттыққа сайлану кезінде орыс әйелі оның жолына кедергі бола жаздағанын баяндаған. "(...) Мен сайлаушы Садуақас Шормановтан қонаққа шақырту алдым... Онда біржақты таңдалған қонақтар жиналған: басым бөлігі молдалар, қожалар мен қариялар – шамамен 40 шақты адам болды. Олар мені тергеуге ұқсас әңгімеге тартты, дінге деген көзқарасымды, Мемлекеттік думада қазақтардың мүддесін қорғаймын ба, соны сұрады. Тіпті отбасылық өмірім туралы да сұрақтар қоюға қысылмады... Біздің әңгіме таң атқанша жалғасты. Соңында Өскемендік қария Қайранбай қожа фәтуа беріп, "Ертең Әлиханды сайламаған адам әйелінен, иманнан айырылсын!" деді" деп еске алған Әлихан Бөкейхан".

Әлихан принципшілдік танытты: оның шынайы әрі дәлелді жауаптары тіпті ең консервативті тыңдаушыларды да дін халықтар арасындағы өшпенділіктің себебі болмауы керек екеніне иландырды. Бұл оқиға оның ұстанымының беріктігін және әртүрлі адамдармен тіл табыса білгенін анық көрсетеді. Нәтижесінде Әлихан Семей облысының қазақтары атынан Мемлекеттік дума депутаты болып бірауыздан сайланды.


Оқи отырыңыз: Қазақ хандығы мен Алаш тулары қандай болды


Репрессия дәуірінің соққылары

Алашорда мүшелерінің жұбайлары әртүрлі ру мен ұлт өкілдерінен болған, олар жарына қолдау көрсетіп, сол дәуірдің мәдени ерекшелігін көрсетті. Халел Ғаббасовтың жары Рамия атақты Тобықты руынан шыққан. Жақып Ақбаевтың өмірлік серігі танымал Бекметовтер әулетінен шыққан татар қызы Гүлбағар Бекметова болды. Отыншы Әлжанов Дүйсебай қажының қызы Нұржамилә Кемеңгеровамен отбасын құрды. Ахмет Бірімжановтың жұбайы Әбілқайыр ханның шөбересі Гүлжаухар Сейдалина еді. Халел Досмұхамедов Жымпиты өңірінен шыққан Жұмағалидің үлкен қызы Сағирамен үйленді. Сағира – сауатты әрі зерек әйел болған, ауыл мектебін тәмамдаған.

Әлімхан Ермековтің жұбайы – Рақия Шағабетдинқызы Ермекова – Қазақстандағы жоғары медициналық білім алған алғашқы әйелдердің бірі. Ол Томск университетінде оқыған. Райымжан Мәрсековтің жары – Гүлнәзи-Бұлбұл Бекметева.

Міржақып Дулатов болашақ әйелі Ғайнижамал Досымбековамен Омскіде танысты, онда ол ата-анасымен бірге тұрған. 29 жастағы Міржақып Ғайнижамалға бірден "Менің халық үшін күресуім керек, алда түрлі қиындық тұр. Сен бұған төтеп бере аласың ба? Кейін өкінбеу үшін ойланып шеш" деп ескерткен. Ғайнижамал соған қарамастан, оның жары болуға берген сөзінде тұрды.

Мұхамеджан Тынышпаевты бірінші әйелімен жас кезінде үйлендірген, бірақ некесі ұзаққа бармады. 1922 жылы Тынышпаевтың екінші әйелі Гүлбахрам сүзектен ауруынан қайтыс болды.

Ол оған Ескендір, Фатима және Дина есімді үш бала тауып берді. Әзиза Шалымбекова (Газиза Яхияевна) әмеңгерлік дәстүрге сай, Тынышпаевқа тұрмысқа шығып, Енлік атты қызды дүниеге әкелді. Бірақ олардың одағы ұзаққа созылмады, Әзиза Мәскеуге көшуге мәжбүр болды. 1930 жылғы сәуірде Мұхамеджан Тынышпаев төртінші рет құмық қызы Әмина Шейх-Әлиге үйленді, ол оның көптен бері таныс досы Даудтың қарындасы еді. Олардың Дәулет есімді ұлы дүниеге келді, кейін қауіпсіздік мақсатында оның тегін Шейх-Әли деп ауыстырды.

Алашордашылардың жұбайы тұрмыстың ауыртпалығын ғана емес, сонымен қатар репрессия дәуірінің соққысын да бастан кешірді. Күйеуі жасырын ұйымдарымен айналысып, баспахана жұмысын жүргізіп немесе ауыл-ауылды аралап жүргенде, әйелдер шаруашылық жүргізіп, бала бағып, отбасын басқарды, жиі қаржылық көмексіз қалды. Олар майдан іргесіндегі ауылдар мен қалаларда мүлікті нанға айырбастап, ескі киізден жылы киім тікті, күйеуінің архивтері мен қолжазбасын тәркілемеуі үшін жасырып сақтады.

Бірнеше тілге меңгергендері заңсыз мәтіндерді қолмен көшіріп, қол жинаған, азшылық құқықтары туралы еуропалық мақалаларды аударған. Мұстафа мен Мария Шоқайдың хаттарынан Мұстафаның кедейлік жағдайында киімін тағамға айырбастап жүргені, ал Марияның түскі ас сатқаны көрінеді. Жұбайының күш-жігерінің арқасында Мұстафаның еңбектері жоғалмай, жойылмай, оқырманға жетті.

Рақия Шағабетдинова-Ермекова Жетісу бойынша Әлімхан Ермековпен бірге жүріп, дипломы бар дәрігер ретінде науқастарды қабылдаған. Гүлбағар Бекметова Жақып Ақбаевқа саяси тұтқындарды қорғау үшін заңды құжаттарды дайындауға көмектескен. 1920-1930 жылдардағы қамаулар кезінде әйелдер тартқан азап күшейді: оларды үйлерінен қуып, "халық жауларының" отбасы ретінде шалғай аудандарға айдады. Әйелдер тыйымға қарамастан, Алаш көшбасшыларының хаты, фотосуреті мен күнделігін сақтаған. Рақия Ермекова "әлеуметтік қауіпті элемент" ретінде КарЛАГ-та болды, онда тұтқындарды емдеуді жалғастырған. Шахзада Шонан күйеуі қамалғаннан кейін өзі Лубянкада болған.

"Жаппай сталиндік репрессиякезінде қазақ халқы тек асыл ұлдарынан ғана емес, сондай-ақ қыздарынан да айырылды. Солардың бірі – Шахзада Аронқызы Шонан (Шонанова) – "Алаш" қозғалысы мен партиясының көрнекті қайраткері, ағартушы, "халық жауы" ретінде репрессияға ұшыраған Телжан Шонанның адал серігі әрі жары. 1937 жылы оны "халық жауы" деген жалған айыппен тұтқындады. 1926 жылы НКВД-ның азаптауымен буржуазиялық ұлтшыл контрреволюциялық ұйымның мүшесі болғаны, көтеріліс ұйымдастыруды жоспарлағаны, Қазақстанды Кеңес Одағынан бөлгісі келгені және кейін оны жапон протекторатына тапсыруды армандағаны туралы жалған айыптарды мойындауға мәжбүр болды. 1938 жылғы 9 наурызда Шахзаданы ешқандай сотсыз, тергеусіз ату жазасына кесті".

Тарихшының айтуынша, оның қай жерде жерленгені әлі күнге дейін белгісіз.

"Алаш" қозғалысының еуропалық бағыты

Шахзада Шонанова екі мәрте медициналық факультетте оқыған, бірақ екеуінде де оны "халық жауының қызы" ретінде оқудан шығарып жібергендіктен, жоғары білімін аяқтай алмады. Дегенмен, алған білімі оған партия инструкторы болып жұмыс істеуге және сүзек ошағында дәрігер міндетін орындауға мүмкіндік берді. Ғалым, ағартушы Телжан Шонан оның екінші күйеуі болды. Бірінші некесі жары Ыдырыс Мустамбаевқа НКВД органдарының қысымы күшеюіне байланысты бұзылды. Шахзаданың сынаққа төтеп беру жігері ата-анасын "халық жауы" деп танылғанда сыналды, бірақ ол соған қарамастан анасын қолына көшіріп әкелді және алашордашымен партия мүшелеріне қарсы репрессия басталған кезде үйленді.

Шахзаданың білім алуға деген құлшынысынан ширек ғасыр бұрын дәл осы "Алаш" жетекшілері әйелдердің құқығын жаңғырту бағдарламасының өзегі етіп алған еді. Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлының айтуынша:

"Алаш" жетекшілері еуропалық жеделдетілген жаңғырту тәжірибесіне сүйенді. Жапония бұл панораманы тек құрлықтан тыс айқын мысал ретінде толықтырды. Қазақ интеллигенциясы тек декларациямен шектелмей, қалың мал төлеуді жойды, құқықтық тұрғыдан таңдау еркіндігін бекітіп, әйелді мәміленің нысанынан некенің толыққанды субъектісіне айналдырды".

Әлихан Бөкейхановтың батыс бағытындағы көзқарасында әйелдердің құқығын қорғау жаңғырту жобасының толықтырушысы емес, оның басты жүрегі болды. Ол жеке хаттарында мұны: "Қазақтар ерлер де, әйелдер де тең мүмкіндік алған кезде ғана алдыңғы қатарлы ұлт болады" деп атап көрсеткен. Ол 1911 жылы Барлыбек Сырттанұлына "Қазақ елінің жарғысын" дайындауды тапсырғанда, "ерлер мен әйелдер тең" деген формулаға басымдық берді. 1917 жылдың қараша айында осы қағида "Алаш" партиясының бағдарламасының негізіне айналды, онда "барлық азаматтар сеніміне, қанына, жынысына қарамастан тең құқылы" деп жарияланып, шіркеу мемлекеттен бөлінді. І жалпықазақ құрылтайында (1917 жылғы шілде) ол қалың мал төлеудің жойылуы, жар таңдау еркіндігі, жеке келісім, ең төменгі неке жасы, жесір әйелдердің құқықтары, жетінші атаға дейінгі жақын туыстар арасындағы некеге тыйым салу сынды "әйел мәселесінің" тоғыз тармағын бекітті. Облыстық комиссар қызметіне кіріскен соң, Бөкейханов бұл нормаларды бұйрықтармен бекітіп, әйелге сүйгеніне үйлену құқығын берді және оның мүлкін қорғады: "Хафиза еркін: өзі қалаған адамға үйлене алады" (1917 жылдың 8 маусымындағы бұйрық).

Мұндай заңнамалық теңдік әйелдердің кәсіби түрде өсуіне жол ашты: олардың бірі – Аққағаз Досжанқызы (1893–1932), жетім қыз, оны алашордашы ағасы әйелдер гимназиясына, одан кейін Мәскеудегі медицина факультетіне оқуға жіберген. Соғыс жылдары ол жараланғандарды құтқарған, кейін алғашқы қазақ гинеколог-дәрігерлерінің бірі болды, "Әйел теңдігі" газетіне шықты және аштық көргендерге көмектесті. Оның мансабы Бөкейханов жариялаған әйел құқықтарының іс жүзінде іске аса бастағанының айқын дәлелі болды.

Патриархатқа қарсылықтың айқын көрінісі – Назипа Сегізбайқызының (Құлжанова) тағдырында айқын байқалады. Ол "қалың мал тауары" болудан бас тартып, әскери прокурор арқылы келісімді бұзды және сүйгені, ұстаз әрі ағартушы Нұрғали Құлжанмен үйленді. Орыс-қазақ гимназиясын бітірген (1902 жылы), Торғай училищесінің және Семей семинариясының мұғалімі, "Азамат серіктігі" қоғамының мүшесі болған Назипа Абайға арнап еске алу кештерін ұйымдастырып, "Қазақ", "Айқап" және "Бірлік туы" газеттерінде әйелдердің құқығы туралы жазған. Кейін Наркомпроста жұмыс істеп, оқулық пен жаңа қазақ әліпбиін дайындады, "Әйел теңдігі" журналын басқарды, "Мектептен бұрынғы тәрбие" (1923) және "Ана мен бала" (1927) оқу құралдарын шығарды.

Қарапайым, махаббатқа негізделген отбасылық одақтар

"Алаш және оның көшбасшыларының жеке өмірі туралы тақырып “мифтерге” толы: ол некелер совет билігі келгенге дейін көп бұрын қиылған, яғни “орыс әйелдері арқылы” мансапқа жету үшін емес, махаббатқа негізделген қарапайым отбасылық одақтар еді. Қазіргі шатасулар 1980-жылдардың соңынан, архивтер алғаш ашылған кезден басталды. Сол кезде деректердің бір бөлігі ешқандай тексерусіз қолданысқа енді, оның үстіне болжамдар қосылды. Тек алашордалықтардың жеке өмірін мұқият зерттеген аздаған мамандар ғана нақты мәліметтерге ие. Ал көпшілік осы күнге дейін қалыптасып қалған, бірақ толық емес түсініктерге сүйенедіә, – деді қазақстандық журналист, "Алашорда" кітабының құрастырушысы Болат Мүрсәлім.

Алашорда жетекшілерінің – оның үкіметі мен идеологиясын қалыптастырған адамдардың тағдырына “ұлы кездейсоқтық” араласқанда этникалық және конфессиялық кедергілер артта қалып отырды: олар модернизацияның негізі ретінде жариялаған жеке таңдау еркіндігі мен тең серіктестік табиғи түрде өз отбасында да көрініс тапты.