Денесін күйік шалған 3 адам ауруханаға жеткізілді.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданында орналасқан Дон тау-байыту комбинатының "Болашақ" шахтасында төтенше жағдай орын алды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

- 26 мамыр күні сағат 22:30 шамасында "Дон ТБК-ның "Болашақ" шахтасының өндіру блогында ауа ортасының қысқа мерзімді жануы орын алды. Жабдықты монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан үш кезекші электрслесарь зардап шекті. Қызметкерлер беті мен қолының білезік тұсынан күйік шалды, – деп хабарлады "Қазхром" АҚ баспасөз қызметі.

Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер дереу Хромтау орталық ауруханасына жеткізіліп, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген.

Кәсіпорын басшылығы: "Дәрігерлермен және зардап шеккендердің туыстарымен үнемі байланыстамыз", — деп мәлімдеді.

Қазір оқиғаның негізгі себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.