Бұл туралы алматылық "Қайрат" футбол клубының ресми парақшасы хабарлады.
Бір емес, үш рет он бір метрлік айып добын қайтарып, танымалдығы арта түскен Темірлан Анарбеков бүгін жаттығу жұмыстарына қайта оралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ел біріншілігінің 23-турында "Қайрат" пен "Ақтөбе" арасындағы кездесуде алматылық клубтың қақпашысы Темірлан Анарбеков ауыр жарақат алып қалған еді. Артынша оның жақ сүйегі мен ақыл тісі сынғаны белгілі болды.
Жарақат салдарынан Анарбековтың орнына "Спортинг" пен "Реал Мадридке" қарсы ойында "Қайраттың" 18 жастағы қақпашысы Шерхан Қалмырза алаңға шықты. Тарихи матчтарда өз қабілет-қарымын байқатқан қазақ баласы да бірнеше күнде әлемге танымал әрі Қазақстандағы ең көп жазылушысы бар спортшы атанып үлгерді.
Темірлан Анарбеков іріктеу кезеңде өз алаңымыздағы Шотландияның "Селтигімен" өткен ойында қақпасын өте жоғарғы деңгейде қорғады. Ол үш мәрте пенальтиді сәтті қайтарып, "Қайратты" Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан еді.