"7 соғысты тоқтаттым" деп жер-жаһанға жар салған АҚШ президентіне Нобель сыйлығы ақыры бұйырмады.
Осылайша, Бейбітшілік саласындағы атақты сыйлық венесуэлалық әйелге табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Венесуэла саясаткері Мария Корина Мачадоға мұндай мәртебе "Венесуэла халқының демократиялық құқықтарын қамтамасыз етудегі тынымсыз қызметі және диктатурадан демократияға әділ әрі бейбіт жолмен өту жолындағы күресі үшін" берілген.
Еске салайық, Мачадо 2012 жылғы Венесуэла сайлауында президенттікке үміткер саналып, 2014 жылы Николас Мадуро үкіметіне қарсы наразылық кезінде басты тұлғаға айналды.
Биыл әлем үшін құрметті сыйлыққа 338 тұлға мен ұйым ұсынылған. Десе де, соңғы бірнеше аптада "Дональд Трамп аталған сыйлықты иелене ала ма?" деген сұрақ көп талқыланды. АҚШ президенті бірнеше рет осы мәртебеге өзінің лайық екенін ашық айтып, "Нобель сыйлығын бермеу – АҚШ-ты қорлау" деген сыңайдағы пікірін де жариялаған болатын.
Айта кетейік, Израиль-ХАМАС келісімінен соң букмекерлік кеңселер Трамптың коэффициентін арттырды, сенімін күшейтті. Бірақ, лауреат туралы шешім оған дейін қабылданып қойған. Әрі комитет Израиль-ХАМАС келісімінің 2025 жылғы лауреатты таңдауға мүлдем әсер етпейтінін жмәлімдеді.