Полиция десе, елең етпейтін адам кемде-кем. Бірі қорқады, бірі сенбейді, енді бірі – үміт артады. Дегенмен қоғам тыныштығын сақтау жолында тәртіп сақшыларының атқаратын еңбегі орасан. Олар халықпен тікелей жұмыс істеп, әрбір мәселенің ортасында жүреді. Шымкенттік полицей Төре Тәукеев осындай жауапкершілігі жоғары қызметті 16 жылдан бері атқарып жүрген тәртіп сақшыларының бірі. Ол — Еңбекші аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция пунктіне жауапты аға учаскелік полиция инспекторы. Біз онымен кәсіби жолы, қиындықтары мен қызыққа толы қызметі жөнінде ашық әңгіме өрбіттік.

El.kz: Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз... Бұл салада қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

Төре Беркінбайұлы: Мен Төре Беркінбайұлы Таукеев, Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Келтемашат ауылында дүние есігін ашып, балалық шағым сол ауылда өтті. Мектеп қабырғасында жүрген кезден бастап әскери-патриоттық тақырыптағы пәндер мен іс-шараларға ерекше қызығушылық танытып, тәртіп сақшысы болуды армандайтынмын.

Мектепті аяқтаған соң еліміздің батыс өңірінде орналасқан Ақтөбе қаласына жол тарттым. Ол жақта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты арнайы оқу орнына түсіп, құқық қорғау саласының қыр-сырын меңгеруге бел будым. Бұл оқу орнын 2010 жылы сәтті аяқтап, кәсіби қызметіме жолдама алдым. Содан бері, яғни қазіргі күнге дейін 16 жылға жуық уақыт бойы ішкі істер органдарында үздіксіз қызмет атқарып келемін. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция пунктіне жауапты аға учаскелік полиция инспекторымын.

Бұл мамандықты таңдаудағы басты себебім – әрине, елімнің бейбіт өміріне, тыныштығына, халқымыздың амандығы мен қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына өз үлесімді қосу. Бала кезімнен құқық қорғау саласындағы қызметкерлерге, әсіресе, учаскелік полицейлердің адалдығы мен батырлығына қарап қызығатынмын. Олардың әркез халықпен етене араласып, тұрғындардың мәселесін шешуге атсалысатыны мені бейжай қалдырмайтын. Сол себепті мен де дәл осы жолды таңдап, елге, халыққа шын ниетпен қызмет етуге бел будым. Әділдік пен тәртіпті ту етіп, әділетті қоғам құруға өз үлесімді қосуды мақсат еттім.

Ал учаскелік полицей мамандығын таңдауыма келетін болсақ, бұл қызмет – халықпен тығыз қарым-қатынаста болуды, олардың күнделікті тұрмыстағы мәселесін тыңдап, шешуге тырысуды талап ететін жауапты міндет. Мен үшін бұл тек жұмыс емес, бұл – үлкен сенім мен аманат. Себебі учаскелік инспектор – тұрғындардың қауіпсіздігін тікелей қамтамасыз ететін, әрбір аумақтың тыныс-тіршілігін жақсы білетін, сол қоғамның бір мүшесі ретінде әрбір адамның тағдырына бейжай қарамайтын тұлға. Сондықтан да осы бағытты таңдап, адал қызмет атқарып келемін.

El.kz: Қоғам учаскелік полицейлердің жұмысын қалай бағалайды деп ойлайсыз?

Төре Беркінбайұлы: Жалпы алғанда, қоғамның учаскелік полицейлерге деген көзқарасы әрқилы десем артық айтқаным емес. Әрине, кез келген салада түрлі пікірлер мен бағалар болуы заңдылық. Дегенмен, соңғы жылдары тұрғындардың бізге, яғни учаскелік инспекторларға деген сенімі артып келе жатқанын байқауға болады. Себебі қоғам біртіндеп учаскелік полицейдің – тек құқық бұзушылықпен күресетін тұлға ғана емес, ең алдымен, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігінің алғашқы тірегі екенін терең түсіне бастады.

Біз тек қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алумен шектелмейміз. Біздің күнделікті жұмысымыз халықпен тығыз байланыста өтеді. Әрбір тұрғынның мұң-мұқтажын, мәселесін тыңдап, қолымыздан келгенше көмек көрсету – басты міндеттеріміздің бірі. Адамдардың тұрмыстық, отбасылық, көршілік деңгейдегі проблемаларының да кейде құқықтық шешімін табуға көмектесіп, бейбіт жолмен реттелуіне ықпал етеміз. Осындай жан-жақты қызметімізді көрген сайын тұрғындар бізге тек "тәртіп сақшысы" ретінде ғана емес, қолдаушы, кеңесші, сенімді тірек ретінде қарай бастады. Сонымен қатар қазіргі таңда полиция қызметінің ашықтығы мен халықпен кері байланысының артуы да көзқарастың өзгеруіне сеп болды деп ойлаймын. Әрине, барлық жағдай бір күнде өзгере қоймайды, дегенмен күнделікті адал еңбек, жауапкершілік және адамгершілік арқылы қоғамның сенімін ақтап келеміз деп ойлаймын.

El.kz: Бір кездері заң бұзған азаматтың кейін түзеліп, сізге алғыс айтып келген сәті болған ба?

Төре Беркінбайұлы: Ондай есте қаларлық ерекше оқиғалар еңбек тәжірибемде болған. Адам тағдырына оң әсер етіп, дұрыс жолға түсуіне себепкер болу – полицей үшін үлкен жетістік әрі рухани марапат десем болады. Солардың ішінде бір оқиға ерекше сақталып қалған.

Бір күні учаскелік аумақты аралау барысында күдік тудырған бір жас жігітті тоқтатып, тексеру жүргізген едім. Кейін анықталғандай, ол есірткі затын тұтынып отырған екен. Заң талабына сай, тиісті шаралар қолданылып, ол жауапкершілікке тартылды. Сол жігітпен бірнеше мәрте жеке профилактикалық әңгіме жүргізуге тырыстым. Оның өмірлік жағдайын, отбасын, болашағына қатысты көзқарасын, айналасындағы ортасын зерделей отырып, оған қолдау көрсетіп, шын ниетпен дұрыс жолға түсуге кеңес бердім. Кейін біршама уақыт өткен соң сол жігіттің өзі маған келіп, алғысын білдірді. Ашық сөйлесіп, сол жағдайдың өмірінде үлкен бетбұрыс болғанын айтты. Ол есірткіден біржола бас тартқанын, жаңа өмір бастағанын, үйленіп, отбасы құрғанын қуана жеткізді. Қазір де ара-тұра кездесіп қаламыз. Әрдайым жылы сәлемін айтып, сол кездегі әңгімелерімізді өмірлік сабақ ретінде есіне алып, ризашылығын білдіріп жүреді.

Осындай сәттер – біздің еңбегіміздің босқа кетпегенін көрсететін нақты дәлел. Бұл тек заңды орындату ғана емес, адами тұрғыдан жүрекке жол табу, бір жанды түзу жолға салу – біздің жұмысымыздың ең құнды нәтижесі деп білемін.

El.kz: Шыны керек, погондыларға деген сыни пікірлер бұған дейін айтылып келді, айтыла берері де сөзсіз. Сіздіңше, қоғам тарапынан әділетсіз сын айтылған сәттер болды ма? Ондай кезде қандай әрекет жасайсыз?

Төре Беркінбайұлы: Иә, бұл — шындық. Погон таққан қызметкерлерге қатысты сын-пікірлер бұрыннан айтылып келеді. Себебі қоғам құқық қорғау органдарынан үнемі әділдік, шындық пен тазалық күтеді. Бұл – орынды талап. Алайда кейде кейбір оқиғаларға байланысты қоғам тарапынан бір жақты, эмоцияға негізделген, тіпті әділетсіз сындар да айтылып жатады. Өкінішке қарай, бірлі-жарым қызметкердің жауапсыз не теріс қылығы бүкіл салаға көлеңке түсіретіні де – шындық.

Мен мұндай жағдайларға әрқашан сабырмен қараймын. Өйткені ашуға ерік беру немесе өзіңді дәлелдеуге тырысып, артық сөз айту – кәсіби тұрғыдан да, адами тұрғыдан да дұрыс емес. Ең бастысы – өз ісіңе сену, адал қызмет атқару. Адам сенімді сөзбен емес, іспен қайтарады деп бекер айтылмаған. Сондықтан мен барлық жағдайда өз жұмысымды барынша жауапкершілікпен атқарып, әрекетім арқылы жұрттың сенімін қайтара аламын деп есептеймін.

Уақыт өте келе адамдар сенің қандай маман екеніңе, қандай адам екеніңе қарап, өз бағасын береді. Тіпті кейде сын айтқан адамдардың өзі бір мәселе туындағанда алдымен полицияға жүгініп, көмек сұрайтыны да – шындық. Бұл – сенімнің қайта оралғанының белгісі. Сол себепті мен үшін ең дұрыс жауап – әрдайым адал қызмет ету, әділеттен айнымай, халықтың мүддесін бірінші орынға қою.

El.kz: Қызмет барысында өміріңізге қауіп төнген сәттер болды ма?

Төре Беркінбайұлы: Шыны керек, полиция қызметкерінің күнделікті жұмысы сырт көзге қарапайым әрі елеусіз көрінуі мүмкін. Алайда бұл мамандықтың әрбір күні – қауіп-қатерге, тосын оқиғалар мен батыл шешімдерге толы. Біз бейбіт өмірдің күзетінде тұрып, әрқашан алдын ала болжай алмайтын жағдайларға дайын болуымыз керек. Бұл – біздің кәсіби борышымыз. Тіпті кейде өмірімізге тікелей қауіп төнетін сәттер де кездеседі. Солардың ішінде мына бір оқиғаны айтып берейін. Ол түнгі кезекшілік кезінде орын алған еді. Еңбекші ауданы аумағында қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында әріптесіммен бірге түнгі рейдке шыққан болатынбыз. Сағат түнгі 03:30 шамасы. Қала тұрғындары тәтті ұйқыда жатқанда, біз кезекті тексеріс жұмыстарын жүргізіп жүрген едік. Сол кезде 18-ықшамауданындағы №11 үйдің арт жағында тұрған көлік бірден назарымызды аудартты. Көліктің екі дөңгелегі жоқ екені бірден күдік тудырды.

Айналаны шолып шыққанымызда, бастапқыда ешкім байқалмады. Әріптесім гараж жақты тексеруге кеткен сәтте кенеттен қара көлеңкеден бір жас жігіт атып шығып, қаша жөнелді. Ойлануға уақыт болмады, дереу соңынан жүгіріп, қуып жетіп, аяғынан шалып құлаттым. Жерге басып, құрықтамақ болғанымда, әлгі азамат қалтасынан темір зат алып, бар күшімен ұрып жіберді. Ауыр соққыдан денем әлсіреп бара жатқанымен, арпалыса жүріп қолына кісен салдық.

Оқиға аяқталғаннан кейін ғана бетім мен қолымның қанға малынып қалғанын байқадым. Бетімнің сол жағы қатты жарақаттаныпты. Сол жерде дереу жедел жәрдем шақырып, мен ауруханаға жеткізілдім. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетті. Анам менің бет әлпетімді көріп, қатты жылаған болатын. Бұл – қызметтің ауыр, бірақ мәртебелі екенін тағы бір мәрте дәлелдеген сәт еді. Кейін білдім, әлгі жігіт мені соққылаған зат көлік доңғалағын бұрайтын темір құрылғы екен.

Осы оқиға мен үшін бір сын сәт болды. Дегенмен қанша ауыр болса да, мұндай жағдайлар бізді шын мәнінде шыңдай түседі. Себебі біз – адамдардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін ант берген азаматтармыз. Қауіп-қатерден қорқып емес, онымен күресіп алға басу – біздің өмірлік бағытымыз.

El.kz: Сіз қызмет еткен жылдар ішінде кездескен ең ауыр құқықбұзушылық қандай болды?

Төре Беркінбайұлы: Менің кәсіби тәжірибемде түрлі құқықбұзушылықтармен бетпе-бет келуге тура келді. Ұрлық, бұзақылық, алаяқтық сияқты қылмыстар күнделікті тіршілікте жиі кездесіп жатады. Дегенмен, солардың ішінде ең ауыр әрі есте ерекше қалған оқиға – адам өлтіру қылмысына қатысты іс болды.

Бұл — заң алдында ең ауыр санаттағы қылмыстардың бірі. Адам өміріне қол сұғу – қай тұрғыдан алсақ та ақтауға келмейтін, аса ауыр әрекет.

El.kz: Есіңізде ерекше сақталған эмоционалды оқиға туралы айтып беріңізші...

Төре Беркінбайұлы: Иә, қызмет барысында түрлі жағдайлармен бетпе-бет келеміз, бірақ кейбір оқиғалар жүректе ерекше із қалдырып, өмір бойы ұмытылмастай әсер етеді. Сондай бір эмоционалды, жанды ауыртқан оқиға күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.

Бұл оқиға түн ішінде, кезекті кезекшілік кезінде болған еді. Жедел қоңырау арқылы көпқабатты үйдің подъезінен айқайлап, көмек сұраған әйел адамның дауысы түскен. Аумаққа жақын маңдағы жас жігіт – көрші үйдің тұрғыны, сол сәтте сыртқа шығып, еш ойланбастан көмекке ұмтылған. Ол оқиғаның жай-жапсарын білмесе де, әлсіз жанға араша болуға тырысқан. Алайда өкінішке қарай, бәрі ойдағыдай бола қоймады. Подъезге кірген бетте ол жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, сол жерде қайтыс болды. Жасы бар болғаны 20-да еді. Алдында бүкіл өмірі тұрған, болашағынан үміт күттірген жас жігіт.

Қылмыскер қолға түсті, көмек сұраған қыз – аман қалды. Бірақ сол бір жантүршігерлік көрініс, жас өмірдің мезгілсіз қиылуы, бұл оқиғаның әрбір сәті менің жадымда мәңгілікке сақталып қалды. Сол оқиға маған көп нәрсені ұқтырды. Арамызда үнсіз жүрген батырлар бар – олар погон тақпаса да, нағыз ер азаматтар. Олар қиын сәтте қорықпай, өзгенің өмірі үшін өз өмірін қиюға дейін барады. Мұндай оқиғалар бізді қайраттандырады да, ойландырады да. Бұл – біздің қоғамдағы ерлік пен жанашырлықтың әлі де жоғалмағанын дәлелдейтін шынайы мысал.

El.kz: Төтенше жағдайға тап болғанда (мысалы, суицид, жаппай төбелес, шабуыл) қандай алгоритм бойынша әрекет етесіз?

Төре Беркінбайұлы: Полиция қызметінде тосын әрі төтенше жағдайларға тап болу – үйреншікті жайттардың бірі. Кез келген күні, кез келген уақытта суицид әрекеті, жаппай төбелес, қарулы шабуыл сияқты оқиғалар орын алуы мүмкін. Мұндай сәттерде ең маңыздысы – сабыр мен жылдам әрі нақты шешім қабылдау қабілеті. Себебі адам тағдыры, кейде бір емес, бірнеше адамның өмірі біздің әрекетімізге тікелей байланысты болады.

Бірінші кезекте біз жағдайды жедел бағамдаймыз. Яғни, оқиға орнына жеткен бетте қауіп деңгейін анықтап, басымдықты анықтау керек. Егер зардап шеккендер болса, дереу "жедел жәрдем" шақырылады. Жағдай күрделі болса, қосымша әріптестерден немесе арнайы бөлімшелерден көмек сұралады.

Екіншіден, оқиға орнын қауіпсіздендіру – басты міндет. Мысалы, суицидке оқталған адаммен сөйлесу кезінде аса ұқыптылық, байсалдылық қажет. Ондай сәттерде оның ішкі күйін түсінуге тырысып, сабырға шақырып, жан-жақты қолдау көрсету керек. Әрбір сөз, әрбір әрекет — өте маңызды. Ал егер жаппай төбелес болса, бірінші кезекте қақтығысты тоқтатып, адам өміріне төнетін қауіптің алдын алуымыз қажет. Кейін оқиғаға қатысушылар анықталып, құқықтық шаралар қолданылады. Сонымен қатар, барлық жағдайда бейнежазба құралдарын қолдану, куәгерлерді анықтау, оқиғаның толық суретін қалыптастыру – әрі қарайғы тергеу үшін аса қажет.

Жалпы алғанда, мұндай жағдайларда әрекет ету алгоритмі – кәсіби даярлықтың, тәжірибе мен салқынқанды шешім қабылдау дағдысының нәтижесі. Біздің басты қағидамыз – азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау. Сондықтан қандай жағдай болмасын, ең алдымен адам тағдыры мен заң талабын ескере отырып әрекет етеміз. Жылдамдық пен дәлдік – біздің жұмысымыздың негізгі талаптары.

El.kz: Бұған дейін сіз секілді погон таққан әріптесіңізден сұхбат алғанымда, егер қылмыс полиция инспекторына бекітілген аумақта тіркелсе немесе қылмыс саны көбейсе, бірінші учаскелік полицейден сұралады деп айтқаны бар еді. Расымен солай ма? Және ол қаншалықты әділетті?

Төре Беркінбайұлы: Иә, бұл рас. Қандай да бір қылмыс немесе құқық бұзушылық белгілі бір аумақта орын алса, сол аумаққа жауапты учаскелік полиция инспекторынан бірінші кезекте сұралады. Бұл – қалыптасқан тәртіп қана емес, сонымен қатар әділетті талап деп ойлаймын. Себебі учаскелік полицей тек әкімшілік бақылаушы емес, ол – өзіне бекітілген аймақтың ішкі тыныс-тіршілігін жақсы білуі тиіс. Бізге берілген міндет – тек болған қылмысты тіркеу немесе оған әрекет ету емес, ең бастысы – құқық бұзушылықтың алдын алу.

Учаскелік инспектор – жергілікті халықпен күнделікті байланыста жүретін, олардың сеніміне ие болуы тиіс маман. Егер аумақта ұдайы ұрлық, отбасылық жанжал, тәртіпсіздік секілді оқиғалар орын алып жатса, бұл сол аумақта профилактикалық жұмыстардың әлсіздігін немесе жеткіліксіздігін білдіреді. Мұндайда, әрине, бірінші кезекте жауапты адам ретінде бізден сұралады – бұл орынды. Әрине, барлық қылмысты толық болжау немесе тоқтату мүмкін емес. Себебі кейде құқық бұзушылықтар аяқ астынан, сырттай ешқандай белгі бермей орын алады. Алайда біз, учаскелік полицейлер, ондай жағдайлардың алдын алу үшін халықпен тығыз жұмыс істеуіміз керек: қауіп төнуі мүмкін тұлғалармен профилактикалық әңгіме жүргізу, әлеуметтік жағдайы қиын отбасыларды назарда ұстау, бұзақылыққа бейім азаматтармен үнемі байланыста болу, құқық бұзушылықтың алдын алу – біздің күнделікті міндетіміз.

El.kz: Қалай ойлайсыз, қылмыс азаю үшін ең алдымен не өзгеруі керек? Халықтың сана-сезімі ме, әлде полиция жүйесінің өзі ме?

Төре Беркінбайұлы: Бұл өте орынды әрі күрделі сұрақ. Меніңше, қылмыстың азаюы – біржақты өзгеріспен емес, қоғам мен құқық қорғау органдарының өзара үйлесімді, жүйелі әрекетінің нәтижесінде ғана жүзеге асатын нәрсе. Яғни, бұл – бір ғана тараптың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Бір жағынан алсақ, халықтың құқықтық сауаты, азаматтық жауапкершілігі мен сана-сезімі – қылмыстың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Адам заңды білуі, оны сыйлауы, өз әрекетіне жауап бере алуы тиіс. Егер әрбір азамат өз құқығын қорғаумен қатар, өзгенің құқығына құрметпен қарауды үйренсе, заңға қайшы әрекетке бармайтын болса – қылмыс саны едәуір азаяр еді. Әсіресе жасөспірімдер мен жастар арасында құқықтық тәрбиеге ерекше мән беру керек. Себебі қылмыстың көбісі – құқықтық мәдениет пен тәрбие жетіспеушілігінен туындайды. Әрине, бұл ретте полиция жүйесінің де рөлі аса маңызды. Құқық қорғау органдары заманауи талаптарға сай, әділ, ашық әрі кәсіби түрде жұмыс істеуі керек. Халықпен кері байланыс орнатып, әрбір азаматтың мәселесіне бейжай қарамай, нақты әрекет етуі қажет. Біз халықтың сенімінсіз нәтижелі жұмыс істей алмаймыз. Сондықтан учаскелік полицейдің бет-бейнесі – бүкіл полиция жүйесінің айнасы десем, артық емес. Ашықтық, әділеттілік, парасаттылық – біз ұстануға тиіс негізгі қағидалар. Халық пен полиция бір бағытта жұмыс істесе, нәтижесі де соғұрлым тиімді болады. Яғни, қылмыстың азаюы – халық пен полицияның ортақ әрекетінің нәтижесі.

El.kz: Тұрғындар учаскелік инспекторға шынымен сенеді деп ойлайсыз ба? Әлде полицияға деген сенім әлі де төмен бе?

Төре Беркінбайұлы: Бұл сұрақ – бүгінгі қоғам үшін өте өзекті. Шынын айту керек, тұрғындардың учаскелік инспекторға деген сенімі біркелкі емес. Бірі сенім білдіріп, кез келген мәселемен еркін түрде жүгінеді, ал енді бірі әлі де болса күмәнмен қарайды, ішкі қорқыныш пен сенімсіздік сезімі байқалады. Бұл – өткеннен қалған кейбір теріс тәжірибелердің салдары. Бірақ соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай оң өзгерістер бар.

Бүгінде полиция жүйесі, соның ішінде учаскелік инспекторлардың жұмысы ашықтыққа, қолжетімділікке және халықпен тікелей тығыз байланыс орнатуға бағытталып келеді. Біз тек қылмысқа қарсы күрес жүргізіп қана қоймай, азаматтардың әлеуметтік мәселелеріне де араласып, кеңес беріп, көмектесуге тырысамыз. Қарапайым тұрғын үшін кейде полиция қызметкерінің жылы сөзі мен адал әрекеті – бүкіл жүйеге деген көзқарасын түбегейлі өзгерте алады.

Мен өз тәжірибемде талай адаммен ашық әңгімелесіп, сенім арта бастағанын байқадым. Әсіресе қиын жағдайда көмек көрсеткен кезде, тұрғындардың көзқарасы өзгереді. Олар бізді шен таққан қызметкер емес, қоғам үшін қызмет ететін адам ретінде қабылдай бастайды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Сондықтан мен бүгінгі күні халықтың полицияға деген сенімі артып келе жатқанына сенемін.

El.kz: Ал халықтың полицияға деген сенімін арттыру үшін нақты қандай іс-шаралар өткізіп жүрсіздер?

Төре Беркінбайұлы: Халықтың полицияға деген сенімін арттыру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Бұл бағытта тұрақты әрі жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Ең алдымен, тұрғындармен тығыз байланыс орнату үшін тұрақты кездесулер ұйымдастырамыз. Әрбір адамға өз мәселесін ашық айтуға мүмкіндік береміз, арыз-шағымдарын мұқият тыңдап, барынша тез әрі әділ шешуге тырысамыз. Бұл – өзара сенімді нығайтудағы маңызды қадам. Сонымен бірге, мектептер мен колледждерде жасөспірімдер мен жастар арасында құқықтық тәрбие жұмыстарын белсенді жүргіземіз. Құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы – балалар мен жастарға ерте жастан заңды құрметтеуді, қоғамдық тәртіптің маңызын үйрету. Сондай іс-шараларда біз тек құқықтық білім беріп қана қоймай, полиция қызметінің адамгершілігі мен ашықтығын көрсетуге тырысамыз.

Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялар заманы болғандықтан, әлеуметтік желілер арқылы да белсенді жұмыс жасаймыз. Тұрғындарға пайдалы ақпаратты, құқықтық кеңестерді, қауіпсіздік ережелерін таратамыз. Бұл – жастар мен әртүрлі топтармен тез әрі тиімді байланыс орнатудың жаңа тәсілі. Барлық осы шаралар халықпен арадағы ара-қатынасты жақсартып, полицияға деген сенімді арттыруға септігін тигізеді деп сенемін. Біз үшін ең бастысы – ашықтық, әділдік және жауапкершілік.

El.kz: Халықпен тікелей жұмыс істеу сізге психологиялық тұрғыдан ауыр соққан кездер болған ба? Қалай төтеп бересіз?

Төре Беркінбайұлы: Иә, мұндай сәттер әрине болады. Полиция қызметі тек құқықтық қадағалаудан тұрмайды, сонымен қатар адам тағдырына, оның ішкі жан дүниесіне де үңілуімізді талап етеді. Әсіресе қайғылы оқиғаларға тап болғанда немесе отбасылық жанжалдарды реттеуге барған сәттерде психологиялық жүк өте ауыр болады. Ондай кезде тек заң талаптарын орындау жеткіліксіз, адамдық көзқарас пен түсіністік те қажет.

Бұл қиын сәттерде сабыр сақтау мен кәсібилік – ең басты құралдарым. Қандай жағдай болмасын, эмоцияға берілмей, салқынқандылықты сақтап, шешімді дұрыс қабылдау – қызметтің табысты болуына негіз болады. Себебі біздің әрекетіміз кейде бір адамның өмірін немесе тағдырын түбегейлі өзгерте алады. Сондай-ақ, өзіме психологиялық демалыс табу үшін бос уақыттарымды тиімді өткізуге тырысамын. Спортпен шұғылдану – мен үшін ең жақсы стресс-жою жолы. Физикалық белсенділік ғана емес, спорттық жарыстар мен жаттығулар көңіл-күйді көтеріп, денсаулықты нығайтады. Сонымен қатар, отбасыммен бірге уақыт өткізу – ішкі тепе-теңдігімді сақтаудың тағы бір маңызды факторы. Жақын адамдардың қолдауы, жылы сөздері мен мейірімділігі қызметтік қиындықтарды жеңуге септігін тигізеді.

Қысқасы, ауыр сәттерге төтеп беру үшін кәсіби дайындықпен қатар, жеке өмірдегі тепе-теңдік пен рухани демалу өте маңызды деп есептеймін. Бұл – полиция қызметкерінің ұзақ әрі нәтижелі қызметінің кепілі.

El.kz: Кейбір адамдар полициямен сөйлесуге қорқады. Бұл қорқынышты сейілту үшін қандай қадамдар жасайсыз?

Төре Беркінбайұлы: Иә, кейбір азаматтар полицияға келуге немесе бізбен ашық сөйлесуге қорқады. Бұл көбіне өткендегі теріс тәжірибелерден, жалған түсініктерден немесе жай ғана белгісіздік пен үрейден туындайды. Мұндай қорқынышты сейілту – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Мен ең алдымен ашық және сыпайы қарым-қатынас орнатуға көп мән беремін. Қандай да бір өтінішпен келген адамды жылы қабылдап, оның сөзін мұқият тыңдап, түсіністікпен қарауға тырысамын. Кез келген азаматтың мәселесі маңызды екенін, оны шешу үшін бар күшімізді салатынымызды білдіру керек деп есептеймін. Сонымен қатар тұрғындарға полиция қызметінің адамгершілік пен адалдыққа негізделгенін көрсетуге ұмтыламыз. Біз – олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, қорғаушысы әрі көмекшісі болуға дайын екенімізді ұғындыра білген жөн. Сондықтан қорқыныш пен сенімсіздік орнын жылы шырай мен кәсіби қолдау алмастырғаны маңызды.

Бұған қоса, халықпен көптеп кездесулер өткізу, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру арқылы да қорқынышты азайтуға күш саламыз. Әрбір адамға «полиция – сенім артуға болатын серіктес» екенін жеткізу – ең үлкен жетістік.

El.kz: Мәселен, көршіңіздің баласы ұрлық жасап, оны сіз ұстадыңыз делік. Сіздің ол көршіңізбен жеке жақсы қарым-қатынасыңыз шешім қабылдауға әсер етпей ме?

Төре Беркінбайұлы: Жеке қарым-қатынас ешқашан кәсіби шешімге әсер етуге тиіс емес деп есептеймін. Біз — заңды сақтауға және оны тең дәрежеде орындауға міндеттіміз. Заң алдында барлық азаматтар тең, ешкім ерекше жағдайға ие болмауы керек.

Егер көршімнің баласы құқық бұзса, мен оны заң талаптары бойынша ұстауға және жауапқа тартуға міндеттімін. Бұл — менің кәсіби парызым. Әрине, мұндай жағдайларға жол бермеу — барша қоғамның, соның ішінде менің де тілегім. Бірақ құқық бұзушылық орын алса, оны заң аясында шешу керек, себебі тәртіпсіздікке жол бермеу – қоғам қауіпсіздігінің кепілі. Қысқасы, жеке қатынастар шешімге ықпал етпейді, тек әділет пен заң билік етеді. Бұл – біздің қызметтің негізгі қағидаларының бірі.

El.kz: Айтыңызшы, тұрғындар көбіне қандай мәселемен учаскелік полицияға жүгінеді?

Төре Беркінбайұлы: Тұрғындар учаскелік полицияға әртүрлі мәселелермен жиі жүгінеді. Ең көп таралғандары – отбасылық жанжалдар, көршілер арасындағы даулар мен келіспеушіліктер. Мұндай мәселелер қоғамдық тыныштықты бұзуы мүмкін, сондықтан оларды уақытылы шешу өте маңызды. Сонымен қатар тұрғындар ішімдік ішуге байланысты тәртіп бұзушылықтар, ұрлық, алаяқтық секілді қылмыстық әрекеттер туралы хабарлайды. Бұл – біздің күнделікті жұмысымыздың маңызды бөлігі. Қылмыс түрлерін анықтап, оларды алдын алу үшін профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Бұдан өзге кейде тұрғындар құжаттарға қатысты анықтамалар алу, құқықтық кеңестер немесе профилактикалық әңгімелер үшін де келеді. Мысалы, қауіпсіздік шаралары, заң нормалары туралы ақпарат сұрап жүгінеді.

Учаскелік полиция – тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде басты байланыс нүктесі болып табылады. Біз олардың мәселелерін тыңдап, қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз.

El.kz: Мәселен, 102 пультіне құқықбұзушылық немесе өзге де мәселе бойынша шақырту түсті делік. Сіздер оқиға орнына неше минутта жетуге тиістісіздер? Белгіленген талап бар ма?

Төре Беркінбайұлы: Иә, 102 пультіне құқықбұзушылық немесе басқа да төтенше жағдайлар бойынша шақырту түскен кезде оқиға орнына жедел жету – біздің басты міндетіміз. Заңнамамен және ішкі тәртіп ережелерімен белгіленгендей, біз мүмкіндігінше 15 минут ішінде оқиға орнына жетуге тырысамыз.

Бұл талап қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды дер кезінде тоқтату үшін өте маңызды. Әрине, нақты уақыт кейде жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін — жолдың жағдайы, ауа райы, көлік кептелісі сияқты сыртқы факторларға байланысты. Дегенмен, біз әрдайым жедел әрі тиімді әрекет етуге бар күшімізді саламыз.

Оған қоса, ішкі тәртіп бойынша белгіленген маршруттар мен алгоритмдер бар, олар шақыртуларды қабылдаудан бастап оқиға орнына жетуге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Осы тәртіпке сәйкес, әрбір қызметкер өз міндетін нақты және жылдам орындайды.

El.kz: Жасыратыны жоқ, кей тұрғындар өздерінің учаскелік полицейін танымайды. Бұл полицияның халықпен байланысы нашар деген сөз бе? Жалпы өздеріңізді халыққа таныту үшін қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?

Төре Беркінбайұлы: Мен өзімді тұрғындарға таныту мақсатында аула жиналыстарын жиі өткіземін. Бұл кездесулерде тұрғындардың мәселелерін тыңдап, өзімнің қызметім туралы ақпарат беремін. Сондай-ақ үй-үй аралап, өзімнің «визиткамды» таратып, байланыс нөмірлерін қалдырамын. Бұл тұрғындарға қажетті уақытта хабарласуға мүмкіндік береді.

Қазіргі заманда WhatsApp сияқты мессенджерлерде арнайы топтар құрылған, онда тұрғындармен тікелей қарым-қатынас орнатамыз, сұрақтарына жауап береміз, кеңес береміз. Бұл байланыс түрі — өте тиімді және жедел. Сонымен бірге, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы да біздің қызметіміз туралы ақпарат таратамыз. Бұл халықтың полицияға деген сенімін арттыруға, қауіпсіздік шараларын түсіндіруге септігін тигізеді.

Халықпен тығыз байланыс орнату – біздің басты мақсатымыз. Ол үшін барлық заманауи әдістерді пайдаланып, ашық және сенімді қарым-қатынас жасауға бар күшімізді саламыз.

El.kz: Қазіргі қоғамда учаскелік инспектор болу – мәртебелі қызмет пе, әлде ауыр міндет пе?

Төре Беркінбайұлы: Қазіргі қоғамда учаскелік инспектор болу – бір мезгілде мәртебелі де, өте ауыр әрі жауапты қызмет деп есептеймін. Бұл қызметтің мәртебесі – ол халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың сеніміне кіріп, тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесуінде жатыр.

Сонымен бірге, бұл міндеттер өте күрделі және ауыр. Өйткені бұл жұмыс үлкен төзімділік, сабыр және кәсібилік талап етеді. Көптеген кезде эмоционалды және физикалық қиындықтарға қарамастан, қоғамның қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті арқалай білу керек. Мен үшін учаскелік инспектор болу – үлкен абырой мен мақтаныш, сонымен бірге халқымыздың тыныштығы мен әл-ауқаты үшін жауапкершілікті дұрыс қабылдау деген сөз.

El.kz: Осы мамандықты таңдағысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Төре Беркінбайұлы: Жастарға айтарым, учаскелік полиция қызметі — бұл өте жауапты әрі маңызды мамандық. Егер осы жолды таңдауды ойласаңыз, ең алдымен адалдықты, сабырлылық пен әділдікті өзіңіздің негізгі серігіңізге айналдырыңыз. Бұл қасиеттерсіз полицияда абыройлы еңбек ету мүмкін емес.

Халықтың сеніміне кіріп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көп еңбек пен шыдамдылық қажет. Әрқашан кәсібилік пен парасаттылықты қолданыңыз. Сонымен қатар заңнаманы терең білу – міндетті шарт. Заңдарды жетік меңгермей, әділеттілік пен құқық қорғау қызметін адал атқару қиынға соғады.

Қарым-қатынас мәдениеті мен психологиялық тұрақтылық та өте маңызды. Қиын жағдайларда сабырлы болып, дұрыс шешім қабылдай білу – жақсы қызметкердің белгісі. Бастысы, бұл мамандық тек қызмет қана емес, сонымен бірге халыққа қызмет ету, елдің тыныштығын сақтау деген ұлы мақсат екенін ұмытпаңыз.

El.kz: Сіз қызметке алғаш кірген кездегі полиция мен қазіргі полицияның айырмашылығы қандай?

Төре Беркінбайұлы: Қызметке алғаш кірген кезімде полиция жұмысында негізінен тәртіпті сақтау мен бақылауға үлкен басымдық берілетін. Ол кезде барлық құжаттар қағаз жүзінде жүргізілетін, ақпарат беру мен есеп беру жүйесі әлдеқайда баяу және күрделі болатын. Қоғаммен қарым-қатынас көбінесе ресми түрде жүргізілетін. Ал қазір полиция қызметі түбегейлі өзгерді. Ең бастысы – ашықтық пен серіктестікке баса назар аударылады. Халықпен тікелей әрі ашық байланыс орнату, олардың сеніміне ие болу басты мақсатқа айналды. Құжаттар мен есептер толығымен цифрландырылып, заманауи технологиялар енгізілді. Бұл жұмыс тиімділігін арттырды, қызметкерлерге де, тұрғындарға да қолайлы болды. Сонымен қатар халықтың құқықтық сауаты артты. Сондықтан бізден тек заңды қорғау ғана емес, сонымен қатар кәсіби, сыпайы және әділ қызмет көрсету күтіледі.

El.kz: Полиция қызметкерлерінің еңбек уақыты мен демалыс режимі қаншалықты әділетті деп ойлайсыз?

Төре Беркінбайұлы: Полиция қызметкерлерінің еңбек уақыты мен демалыс режимі – шын мәнінде өте өзекті және күрделі мәселе. Біз тәулік бойы қызмет атқарып, кезекшілікте боламыз, сондықтан кейде жеке өмірімізге, отбасымызға көңіл бөлуге уақыт табу қиынға соғады. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер байқалуда. Қызметкерлердің жұмыс уақыты реттеліп, демалыс беру жүйесі жақсартылуда. Бірақ болашақта жүйелі реформалар қажет деп санаймын.

El.kz: Учаскелік инспектор ретінде күн сайын өзіңізді дамыту үшін не істейсіз? Жалпы кәсібіңізге деген сеніміңізді не нығайтады?

Төре Беркінбайұлы: Күнделікті даму – менің қызметімдегі басты қағидатым. Құқық саласындағы заңдарды, нормативтік актілерді үнемі қадағалап, жаңалықтармен танысып отыруға тырысамын. Себебі заңдар үнемі өзгеріп, жаңарып отырады, сол себепті өз кәсібімді үздік деңгейде атқару үшін әрдайым білімімді жаңартып отыруым қажет. Бұдан өзге психологиялық дайындыққа ерекше көңіл бөлемін. Тұрғындармен тиімді қарым-қатынас орнату, қиын жағдайларда сабырлы болу үшін қарым-қатынас мәдениетін үйреніп, тәжірибелі мамандардың кеңестерін зерттеймін. Кәсіби дамуымның тағы бір маңызды бөлімі – әріптестермен тәжірибе алмасу. Мен үшін ең басты марапат – халықтың алғысы мен сенімі.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!