Ер адам өртеніп жатқан үйдің терезесінен отбасы мүшелерін тегіс алып шыққан. Өзі ауруханада көз жұмған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Павлодар облысы Тереңкөл ауданы орталығында ер адам ерлікпен қаза тапты. Ол жанып жатқан үйден әйелі мен үш баласын құтқара жүріп өз өмірін қиған.
- 9 қазан күні Тереңкөл ауылында жер үйдің отқа оранғаны туралы хабарлама түсті. Өрт сөндіру бөлімшелері жеткен кезде ғимараттағы ағаш шатырдың конструкциялары жанып жатқан. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлеріне ес-түссіз күйдегі 1982 жылы туған ер адам тапсырылды. Ол өрт сөндіру қызметі келгенге дейін әйелі мен үш баласын терезеден шығарып алған. Отбасы мүшелерінің барлығы жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды, — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Өкінішке қарай, ер адам ауруханада көз жұмған. Департамент мамандары өрт 100 шаршы метр аумақты шарпығанын айтады. Қайғылы оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Павлодар облысы