Иранның Жоғары ұлттық қауіпсіздік кеңесі еуропалық елдердің БҰҰ-ның Тегеранға қарсы санкцияларын қайта енгізу әрекеттеріне жауап ретінде Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты тоқтататынын мәлімдеді.
Кеңес президент Масуд Пезешкианның төрағалығымен өткен отырыста аймақтағы жағдай мен Израильдің агрессивті әрекеттері талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар 2015 жылғы ядролық келісімге қатысушы Ұлыбритания, Франция және Германияның Тегеранға қарсы санкцияларды қайтару әрекеттері қаралды. Кеңес Иранның қазіргі саясатында аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге барынша үлес қосу көзделгенін атап өтті.
МАГАТЭ-мен 9 қыркүйекте жасалған, Израиль мен АҚШ шабуылдарынан кейін тоқтатылған инспекцияларды қайта жандандыруға мүмкіндік беретін келісімге сілтеме жасала отырып, "Сыртқы істер министрлігі Агенттікпен ынтымақтастық жасап, мәселені шешу жоспарын ұсынғанына қарамастан, еуропалық елдердің әрекеттері іс жүзінде ынтымақтастықтың тоқтауына әкелді", – деп көрсетілді.
Ұлыбритания, Франция және Германия 28 тамызда 2015 жылғы ядролық келісімде көзделген "снепбек" (snapback) механизмін іске қосу туралы шешім қабылдады. АҚШ келісімнен біржақты шыққаннан кейін қолданылмаған бұл тетік Иран келісімді бұзды деген негізде БҰҰ санкцияларын қайта енгізуге мүмкіндік береді.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Эракчи еуропалық тараптардың бұл механизмді іске қосуға ешқандай заңды негізі жоқ екенін айтты, себебі олар "келісімнің негізін бұзды" және "қатысушы рөлін жоғалтты".
Ядролық келісімге қатысушы Ресей мен Қытай да БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған ортақ хатында еуропалық елдердің шешімін "заңдық тұрғыдан жарамсыз" әрі "негізсіз" деп атады.
Израиль мен АҚШ шабуылдарынан кейін Иран инспекцияларды тоқтатқан еді. Дегенмен 9 қыркүйекте МАГАТЭ оларды қайта бастауға мүмкіндік беретін келісімге қол жеткізген. Еуропа бұл қадамды оң бағалағанымен, жеткіліксіз деп санады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2231-резолюциясына сәйкес "снепбек" тетігі шеңберінде Тегеранға қарсы санкцияларды қалпына келтірмеуді көздейтін қарар жобасы 19 қыркүйектегі дауыс беру барысында қабылданбай тасталды.
Егер соңғы сәтте жаңа шешім қабылданбаса немесе мерзім ұзартылмаса, "снепбек" процесі 28 қыркүйек түн ортасында аяқталып, Иранға қарсы БҰҰ санкциялары автоматты түрде қайта күшіне енеді.