Ақтөбеде заңсыз онлайн-лотерея ісі бойынша сот үкімі қоғамда үлкен дау туғызды. Қаладағы клубтардың бірінде кассир әрі администратор болып істеген жеті қызға сот 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Тергеу дерегінше, бұл мекеме 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Сот қыздарды қылмысқа қатысы бар деп танып, әрқайсына әртүрлі мерзім белгіледі. Алайда сотталғандардың туыстары шешімге үзілді-кесілді қарсы.
Олардың айтуынша, қыздар тек операторлық қызмет атқарған, мекеменің заңсыз екенін білмеген.
«Қызым жай ғана қоңырау қабылдап отырды, ешқандай басшылық қызмет атқарған жоқ. Енді кішкентай баласын тастап түрмеге отырмақ», – дейді ашынған ата-аналар.
Қоғамда ерекше резонанс тудырған жайт – сотталғандардың арасында жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар аналардың болуы.
«Бұл шешім әділетсіз, аналарды жазалау – балаларды жетім қалдырумен тең», – деп пікір білдіруде көпшілік.
Қорғаушылар істі қайта қарауды, қосымша сараптама жүргізуді сұрағанымен, өтініштер қанағаттандырылмаған. Қоғам белсенділері әділ соттың қажеттігін және барлық мән-жайдың қайта қаралуын талап етуде.