Жеңілістен көз ашпай келе жатқан «Атырау» футбол клубының бас бапкері үшінші рет ауысты. Енді Денис Мамонов команданың басқару тізгінін қолға алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Футбол клубы баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қазақстандық 43 жастағы жаттықтырушы Павлодар облысында туған. Футболдағы мансабында «Жетісу» (Талдықорған), «Восток» (Өскемен), «Тараз» және «Есіл-Богатырь» (Петропавл) клубтарында қорғаушы, жартылай қорғаушы болған.

«Бапкер ретінде алматылық «Қайрат» футбол клубының құрылымында, «Жетісу», «Мақтаарал» және «Ақсу» футбол командаларында қызмет атқарды. Денис Николаевич қазірге дейін 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері болды. Маусымның басында «Атырауға» қайта оралған ол бұрынғы бас бапкер Константин Горовенконың көмекшісі болған еді», деп мәлімдеді клубтың баспасөз қызметі.